Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақстан билігінің журналистерге қысымын сынады

0

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы 22 наурызда Астана мен Алматыдағы оқиға кезінде Азаттық радиосы мен «Настоящее время» журналистеріне жасалған кедергіні сынады.

22 наурызда Астана мен Алматыда полиция ондаған адамды ұстады. Екі қаладағы оқиғаны түсіруге барған Азаттық радиосы мен «Настоящее время» тілшілеріне сол маңда жүрген белгісіз адамдар кедергі келтірген.

Астанада бір топ белгісіз жас Азаттықтың түсірілім тобының камерасын көлегейлеп, полицияның адамдарды ұстап жатқан сәтін түсіртпеуге тырысты. Журналистер сол маңда жүрген полицияға шағымданғанымен, олар шара қолданбады.

Астанада «Настоящее время» телеарнасының тілшісі Светлана Глушкованы полиция ұстап алып кетіп, бірнеше сағаттан кейін босатты. 22 наурызда «Настоящее время» телеарнасының операторы түсірілім жұмыстары кезінде аяғын жарақаттап алған.

Азаттық радиосы Қазақ қызметі Алматы бюросының бас редакторы Қуанышбек Қариді «жедел түрде» қалалық әкімдікке шақыртқан. Қала билігі және прокуратура өкілдері Азаттық радиосын «саяси оқиғаларды біржақты таратып жатыр» және «араздықты қоздырды» деп айыптаған.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы өз мәлімдемесінде соңғы бірнеше айда Азаттық радиосы мен «Настоящее время» журналистеріне төртінші рет қысым жасалғанын айтты.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар Астана мен Алматыда тілшілерге жасалған кедергіні «тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті» деп атады.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы өз мәлімдемесінде Жаңаөзендегі жағдайдан хабар таратқан Азаттық радиосының тілшісі Сәния Тойкенге жасалған қысымды да атап өтіп, полиция әрекетін сынаған.

Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін журналистердің жұмысына кедергі келтіруді тоқтатуға шақырған.

Azattyq