«Азапқа шыдамай, қытай сарбаздарына мені өлтіруін сұрап, жалбарындым» (видео)
Этникалық ұйғыр Мехригүл Тұрсын үш ай Шыңжаңдағы саяси үйрену лагерінде қамауда болған. Ол 3 ай бойы көрген азапқа толы өмірін АҚШ Конгресі алдында айтып берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі currenttime.tv сайтының дерегін негізге алып. Оның сөзіне сүйенсек, азапқа шыдай алмағандықтан ол қытай сарбаздарына «мені өлтіре салыңдаршы», деп жалбарынған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мехригүл Мысыр еліне оқуға барған. Сол елде кейін тұрмысқа шығып, отбасылы болыпты. 2015 жылы Қытайға туған-туыстарын көргісі келіп жолға шығады. Қытайға барған кезде-ақ оны белгісіз сарбаздар тұтқындап, балаларынан ажыратып алады. Кейін оның бір баласы қайтыс болғаны белгілі болды.
Қытай билігі 3 жыл бойы ұйғыр әйелді елден шығармай қойған. Мехригүл 3 рет Шыңжаң лагерінде тұтқында болған. Ақырында, Қытайдан Мысырға шығуға рұқсат етеді. Алайда ол Қытайға қайта оралуға міндетті болды. Бірақ Каирға келе сала Мехригүл америкалық дипломаттармен байланысқа шығып, АҚШ-қа келеді.
«Мені терезесі жоқ жер астындағы камераға жіберді. Түрменің ішіндегі барлық жайтты бақылап отыру үшін төрт жерге бейнебақылау камерасын орнатқан. Менімен бірге камерада 60 адам болды. Ине шаншар жер жоқ. Түнде ұйықтау үшін 15 әйел тұрып, қалғандары мызғып алатын еді. Осылай 2 сағат сайын орын алмастырып тұрдық», деп Мехригүл Тұрсын көзіне еріксіз жас алды.
Олар кішкене мөлшерде күріш пен судан тұратын таңғы ас ішетін. Сонымен бірге таңғы астың алдында коммунистік партияны ұлықтайтын ән айту міндеттелген.
«Олар бізге белгісіз дәрілер мен ақ сұйықтықты ішуге мәжбүрлейтін. Әлгі дәрілердің әсерінен біз есімізді жоғалтып, талып қалатын едік. Ал ақ сұйықтықты ішкен кейбір әйелдердің айлық белгісі тоқтап қалса, енді бірінен тоқтамай қан кететін. Тіпті бірнеше әйел азапқа шыдамай өліп кетті.
Бірде мені арнайы бөлмедегі биік орындыққа отырғызды. Қолдарым мен аяқтарым арнайы ленталарға байланып тұрды. Күзетші менің басыма дулыға кигізді. Олар дулығаны іске қосқан кезде менің бүкіл денем ауырды. Тіпті қан тамырларыма дейін ауырсынуды сезді. Бұған шыдай мүмкін емес. Ал көрген азабымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Маған ойларына келгенін істеді. «Өз кінәңды мойында», — деп қорлап, қысым жасады. Маған бірде анам мен баламның өлгенін, ал әкемнің өмір бойы түрмеде жататынын, менің кесірімнен отбасымның ойраны шыққанын айтты. Соңғы рет соққыға жығып, азаптаған кезде мен оларға «мені өлтіре салыңдаршы», деп жалбарындым», дейді Мехрикүл Тұрсын.