Азамат Сатыбалды балалар театрына басшы болып тағайындалды

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 18:10 402

Азамат Сатыбалды балалар театрына басшы болып тағайындалды


АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Белгілі актер, тележүргізуші Азамат Сатыбалды Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театры директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров әлемуеттік желіде мәлімдеді.

«Азамат Сатыбалды — еліміздің театр және кино өнеріндегі белгілі есім. Қазақстанның өнер кеңістігінде өз жолы, өз биігі бар! Өзінің кәсіби өнерде тұсауы кесілген М.Әуезов театрының саxнасында ұлттық және әлемдік классикалық драматургияларындағы керемет образдарын сомдап келеді! Азамат сомдаған саxна мен экрандағы бейнелер — қазақ жастары үшін жарқын үлгі! М.Әуезов атындағы театрдағы актерлік жұмысынан бөлек, 3 жыл бұрын өзі құрған «28 Cinema» компаниясы және «28-Teathre» театрының көркемдік жетекшісі, бас директоры болып еңбек етіп келеді. Жеке театрымен Еуропадағы, Түркиядағы, Ресейдегі xалықаралық театр фестивалдеріне қатысып, Қазақстан өнерін шет елдерде дәріптеп, өзін мықты актер ғана емес, кәсіби менеджер-ұйымдастырушы ретінде дәлелдей білді. Жастарды қолдауға арналған республикалық қоғамдық комиссиялардың мүшесі», — деді Инстаграмдағы жазбасында Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының ректоры Асхат Маемиров.

Азамат Сатыбалды Сұрапбаев 1977 жылы Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Көп балалы отбасында туған. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға қабылданды. 2000 жылы дипломдық жұмысын қорғауға Қостанай облыстық драма театрына жіберілді. Еңбек жолын 2001 жылы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан бастаған.

Актер 20 шақты фильмде ойнаған.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz