Аза тұту күні қаза болғандардың рухына құран бағышталды, билікке талап айтылды

0

АЗА ТҰТУ КҮНІ

28 желтоқсан — жалпыұлттық аза тұту күні Қазақстанның бірқатар қалаларында белсенділер жиналып, ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына құран бағыштады.

Алматыда белсенділер Арбаттағы сәкілердің біріне апат орнынан түсірілген суреттер іліп, гүл шоқтарын қойып, «азу тұту бұрышын» ұйымдастырды.

«Жақыныңнан айрылу оңай емес. Бірақ мына әділетсіз өмірде сені қолдап, қасіретіңді түсіне алатын адамдар барын білген кезде өмір сүру сәл оңайлана түседі. Аза тұту күнін бекер жарияламайды. Қаза болғандардың туыстарына біздің қайғыларына ортақтасып, көңіл айтқанымыз маңызды» деді белсенді Даная Қалиева.

Арбатта ұйымдастырылған шағын "аза тұту бұрышы". Алматы, 28 желтоқсан 2019 жыл.

Арбатта ұйымдастырылған шағын «аза тұту бұрышы». Алматы, 28 желтоқсан 2019 жыл.

«Қаза болғандардың туыстарымен бірге екенімізді, біздің де жанымыз ауырып тұрғанын білдірту үшін осында келдік. Қаншама қайғылы оқиға болып жатыр. Арыстағы жағдай…Осылардың барлығына кім жауап береді? Қаншама адам қаза тапты? Қаншама адам ауруханада жатыр? Неге осыншама құлдырап кеттік? Билік жауап берсін деймін» деді тұрғындардың бірі.

Нұр-Сұлтанда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңына жиналған бір топ апаттан қаза болғандардың рухына құран бағыштады. Олар жыл басынан бергі қайғылы оқиғалардың бәрін еске алып, осы құранды сол оқиғалар кезінде қаза болғандардың рухына арнап отырғанын да айтты.

Шара кезінде қала тұрғындары мен белсенділер билікке талап қойды.

— Мен үкімет отставкасын талап етемін. Жыл қайғылы оқиғамен басталып, қайғылы оқиғамен аяқталды. Бұл — қарапайым адамдардың трагедиясы. Жыл бойы биліктің кінәсінен қаншама қайғылы оқиға болды. Бұл үкіметке үндеуім. Ал халыққа айтарым: Үкіметке бізді басқаруына мүмкіндік бердік, бізді құртыңдар деген жоқпыз. Құрметті Тоқаев мырза, осы әуе компаниясының иесін қамауға алуыңызды сұраймын, — деді қала тұрғыны Сәуле Сәдуақасова.

Белсенділер Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалға гүл қойып, құран оқыды. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2019 жыл.

Белсенділер Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалға гүл қойып, құран оқыды. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2019 жыл.

Шараға жиналғандар Қазақстанға ескі-құсқы техника әкелуді доғару керектігін де айтты.

— Бүкіл ескі-құсқының бәрін — тікұшақ болсын, ұшақ болсын, соны сатып алуды доғарту керек. Назарбаев бастаған билік отставкаға кетіп, қайтадан жаңа заң қабылдау керек. 1993 жылғы Конституцияға қайта оралуымыз керек. Халықтың қамын ойлайтын билікті жаңадан сайлауымыз керек, — деді қала тұрғыны Орынбасар Жәнібеков.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, 28 желтоқсан таңертеңгі жағдай бойынша ауруханаға түскен 49 адамның жетеуінің жағдайы — ауыр, бірақ қалыпты. Қалған науқастардың жағдайы тұрақты, олардың арасында тоғыз бала да бар. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бес адам ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

Апатқа ұшыраған ұшақ 23 жыл бұрын шығарылған. Fokker ұшағын жасап шығарушы нидерландылық компания 1996 жылы банктротқа ұшырағанын мәлімдеген. Fokker-дің соңғы өнімдері 1997 жылы конвейерден шыққан.

Ішкі істер министрлігі ұшақ апатына байланысты «Әуе көлігін жүргізу және пайдалану ережесін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлады. Сараптама да тағайындалған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, тергеуге Халықаралық авиация комитетінің өкілдері де қатыспақ.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған.

Қаза болғандар арасында Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова, ішкі істер органы зейнеткері генерал Рүстем Қайдаров, астаналық дәрігер Арман Исин және экипаж командирі Марат Мұрабаев бар.

27 желтоқсанда күндіз премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның айтуынша, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық ақаудан құлауы мүмкін. Оның айтуынша, апат алдында ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына әрқайсысына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

ВИДЕО: Алматыда жолаушы ұшағы апатқа ұшырады. Оннан астам адам мерт болды (27 желтоқсан 2019 жыл).



Azattyq