Кедей отбасылар мен мұғалімдер ақшасын қалтасына басқан директор 8 жылға сотталды

0

Сот залына жиналған бұл жандардың көбі Шымкенттегі мектеп директорлары. Олар өз әріптесіне шығарылатын сот үкімін тыңдауға келген. Ал үкім қаладағы №34 мектептің бұрынғы басшысына шығарылмақ, деп хабарлайды Отырар басылымы.

Ю.Гагарин атындағы білім ұясын 6 жыл бойы басқарған Жанат Қалтаева 7 ай бұрын ұсталған еді.Мектеп директорының үстінен 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атап айтсақ, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, алаяқтық және пара алу. Судьяның айтуынша ол мұғалімдерге бөлінген қаржыны жымқырып, аз қамтылған отбасы балаларына арналған тамақ ақшасын қалтасына басып отырған.

Ал, директордың мұндай жымысқы әрекетін әріптесі әшкерелеген екен. Карантин кезінде ұстаздарды ақысыз демалысқа жібермеу үшін пара алған оның ісі сотқа жетті. Және сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ, соттың бұл шешіміне мектептің экс-директоры үзілді кесілді қарсы болып отыр.

Айта кетейік, сотталушының кәмелет жасына толған 4 бала-шағасы бар екен. Сот заңды күшіне әлі енген жоқ. Ал, мектептің экс-басшысы болса аппеляцияға берем деп бекініп отыр.