Әз Ана, аяулы Ана, асыл Ана
Аналар кеңесі мен «Әжелер мектебінің» мүшелері мерекелік шараны «Елбасының анасы үлгі болар баршаға» деген тақырыпқа арнады. Кеңестің төрайымы, ұлағатты ұстаз Күлімкөз Смаилова Президент Н.Назарбаевтың «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес», деген сөзін алға тарта отырып, бойында қазақ әйеліне тән имандылық, салмақтылық, биязылық, ізеттілік қасиеттер отбасы берекесін сақтаудың, дені сау, елін, жерін, Отанын қорғауға әр кез дайын ұрпақ өсіруге қызмет етіп келе жатқанын әңгімеледі.
Бүгінгі кеш Елбасының анасы Әлжан апаның бар болмысын үлгі ете отырып, ұлдарын Нұрсұлтан Әбішұлындай ел қамын жейтін, туған жерін қастерлейтін, бірнеше тілді меңгерген, мейірімді, патриот етіп өсіру мақсатын көздейді. Үлкендермен қоса жас өрендерді шақырып отырғанымыз сондықтан», деді Күлімкөз Қайырбайқызы.
«Тұңғыш Президент – нағыз патриотизмнің үлгісі», «Ұл тәрбиесіндегі тектану, шежіренің рөлі», «Қазақ отбасындағы ұл баланың тәрбиесі» деген тақырыптар отбасының ұйытқысы, мейірім-шапағат көзі Әлжан анамыздың ұл-қыздарын ата-баба дәстүрімен тектілікке тәрбиелеу жолындағы жанқиярлық еңбегі, қамқоры, сүйіспеншілігі, адамды қас-қабағынан, жанарынан танитын байқағыш қасиеттері жайлы келелі әңгімелер қозғалды. Сүйікті әже Валентина Волочкеевич Қазақстанда тұратынын мақтан тұтатынын, қазақ халқына дән риза екенін, немересі Ярославты скрипка өнеріне баулып жүргенін ерекше ризашылық сезіммен жеткізді.
Мақпал Сәркенқызының Әлжан ана туралы баяндамасын жиналғандар ұйып тыңдады. Әлжан ананың сыртқы қарапайым бейнесі қаншама керемет қасиеттерді жасырып тұрғанына, топырақты өлім, той жұмыстарын ұйымдастыру қабілеті ерекше екеніне, әсіресе қызын ұзататындар Әлжанды маңайлайтынына көптеген мысал келтірді. Көршілері мен құрбыларын жауып жіберіп, бір аптаның ішінде қыз жасауын самсатып қояды екен. Өзі термелеп тұрып текемет тоқиды, киіз басады. Терім алашаға да епті, бір шәугім шай қайнатып жіберіп, қатарластарының басын қоса қояды. «Анау бір қызымыз ұзатылады, қолдан келгенше қарманайық, бәрін білгенде оюды үйренбеппін, қиықша-құрағыңызға бапандай болсақ та», деп отырады екен. Кәде үлестіру мен сый таратуды да қапысыз меңгерген мейірімді жанды жұртшылық жеңеше атап кеткен. Тіл үйіретін айраны мен қою кілегейі, қаймақ қатқан күрең шайы да кесесіне қол созғандардың есінде қалыпты. Әлжан ақын ғана емес, ауыл ажарын келтірер әнші де еді. Ел ішіне кең тараған әндерді нақышына келтіріп орындайтын болған.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова ер баланың бір сөзді, ер мінезді, еңбекқор, көпшіл болып өсуіндегі от басы, ошақ қасы қамқоршысы, жылытушысы ананың рөліне, тәлім-тәрбиесіне екпін түсіріп, оған Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмірі айқын мысал екенін айтты. Сапура қажы Тәшенова келіндерді, жас отау иелерін ізеттілікке, ынтымаққа үндеді. Психолог Ирина Якимова Нұрсұлтан Әбішұлындай атақты тұлғаның туған жерін, өсіп-өнген ортасын, былайша айтқанда генеологиялық түп-тамырын, діңгегін білу жас буын үшін ерекше тағылым екенін айта келіп, Әлжандай әз аналарды «жұмақ ананың аяғының астында» деген қанатты сөзбен салыстырды.
Жиынға 1 желтоқсанда дүниеге келген 14 ер бала аналарымен бірге жиынға арнайы шақырылып, қайсар азамат болып өссін деген ырыммен әрқайсысының қолына қамшы ұстатты. Көп бала өсірген бір топ анаға сый-сияпат жасалды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы