Авторитаризмнен шығудың екі жолы: билікті төңкеру және «сарай төңкерісі»

0
281
Фото: Азаттық

Авторитаризмнен шығатын екі жол бар. Бірі – шыдамы шегіне жеткен халықтың билікті төңкеруі, екіншісі – авторитар билік тізгіні үшін күресте басқа топ жеңіске жетіп, билікті қолға алуы, яғни «сарай төңкерісі».

Бұл туралы журналист, саясаткер Мұхтар Сеңгірбай өзінің «Қарапайым саясат» телеграм каналында жазды.

Екеуі де көп жақсылық әкеле қоймайды. Төңкеріске халық емес, билік кінәлі болады, себебі жағдайды соған жеткізетін – биліктің өзі. Төңкерістер қайталана беріп, ол сол қоғамның саяси мәдениетінің бір бөлшегіне айналып кетуі мүмкін. Авторитаризм апаратын үшінші жол – тоталитаризм.

Авторитар билік жылан сияқты, ол жеті рет кесіліп, «демократиялық» билік орнады дегеннің өзінде кесірткелік жаны болады.

Авторитаризмнен «босауға» оның құрсауында болған мерзімнен екі-үш есе, кейде тіпті одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Дегенмен, авторитаризм тұңғиығына батып бара жатқан елге қарағанда, одан шығып бара жатқан елдің демократияға жетуден үміті көбірек.

Авторитар басшы орнынан кетіріліп, «революция» болған күннің өзінде тез арада демократия орнай қоймайды. Азаматтық қоғам оның тұңғиығына батып бара жатқанда қалай күрессе, шығып бара жатқанда одан он есе көп күш жұмсауы керек болады.

АВТОРИТАРИЗМ – бір адамның не азғантай топтың билікті өз қалауымен жүзеге асыруы. Оның ерекшеліктері қандай?

Авторитаризм ешқашан өз еркімен түлеп, жаңарып, демократия жолына түспейді.

Авторитаризм үнемі биліктің шылбырын қатты тартып, еркіндік шеңберін тарылта береді. Адамдардың бостандығын біртіндеп шектеп, өз құзыретін ұлғайтқан үстіне ұлғайтады, ал авторитар билік елде болып жатқан жағдайға жауапкершілігін азайта береді, оны бақылау, тексеру, тежеу механизмдерін жыл санап әлсірете береді.

Авторитаризм – геометриялық прогрессиямен құлдилау, азаматтық қоғам үнінің бәсеңдеуі, экономиканың, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы. Қоғамдағы еркін пікір алмасудың нашарлауы, құндылықтардың құнсыздануы, қоғамның деградациясы.

Демократия – компромисс пен консенсусқа, тоталитаризм – үрейге, авторитаризм – өтірікке негізделеді.

Авторитаризм кезінде өмір сүрген адамның құндылықтары деградацияға ұшырайды. Онда «заң үстемдігі», «әділ сайлау», «адам құқықтары», «сөз бостандығы» деген сөздер жиі айтылады, бірақ халық үшін олардың түк мәні жоқ.

Демократияда – өкімет халықтың арасында, тоталитаризмде – халықтың төбесінде, ал авторитаризмде әдемі перденің ар жағында отырады.

Авторитаризм кезіндегі саясаттың бәрі – үлкен театр. Әсіресе сайлау жалпыұлттық қойылымға ұқсайды. Авторитар басшылық әр сайлау сайын «кастинг» жариялап, түрлі актерларды жалдайды, бірақ сценарий бойынша ойнап шыққандардың өзін маңдайынан сипамайды.

Әр жаңа буын авторитар билікке өзінше айбат шегеді, бірақ авторитар биліктің әр буынға қарсы қолданар айла-шарғысы болады. Жас буын Авторитардың қоластында өскен буынның ұрпағы болғандықтан, үлкендердің дегеніне тез көнеді. Болмаса шетелге кетеді.

Авторитаризмде адамның білімі мен таланты билікті нығайтуға, оны әспеттеуге пайдаланылады. Авторитарға жақса, оған биліктің «күлшесі» тиеді, қажет болмаса лақтыра салады Ал қарсылық білдірсе, жаншып тастайды. Сондықтан авторитаризмнің дегеніне көнбеген, таланты бағаланбаған адам шетелге кетеді. Шетелге кете алмағандарын авторитар жүйе өзіне бейімдеп алады. Не оның таланты мен білімі ұмыт қалады да, өзі күйбең тірліктің шырмауында қалады.

Авторитар жүйе принципінен тайқығыш, екіжүзді, жалтақ, аяр, өтірікші адамдарды өсіріп шығарады. Олар «тобыр бәрін ұмытып кетеді» деп ойлап, биліктің қолайына жағатын түрлі рөлдерді ойнай береді. Бірақ билік оларды да аяқ сүртетін шүберек сияқты керек кезінде пайдаланады да, керек емес болса лақтыра салады. Бірақ кей «шүберектерді» ұзақ жыл қажетіне жаратады.

Авторитаризм шарықтау шегіне жеткенде билік өзі жазған сценарий бойынша рөлін бұлжытпай ойнап берген момақан әртістерінен де күмәндана бастайды.

Авторитаризм кезінде билікте талантты, харизмалы, білікті, принципшіл әрі халыққа сүйкімі бар адам қалмайды. Олар не саясаттан кетеді, не елден кетеді, тәуелсіз болып кетсе, «көзі жойылады».