Авторитаризмді сынаған сөзді еске салған ақын акциясы
Шілденің 18-і күні Рамиль Ниязов Алматыдағы Абай ескерткішінің алдына Қазақстанның бұрынғы президентінің «Ашықтық авторитарлы билікті әшкерелейді. Назарбаев, 1987» деген сөзі жазылған плакат ұстап келді. Біраз уақыттан кейін жас ақынды алып кеткен полиция оны бөлімшеде бірер сағат ұстаған. Рамиль Ниязов өз акциясы арқылы Қазақстанда болып жатқан жағдайларға наразылық білдіргенін, бұлай жасамасқа басқа амалы қалмағанын айтады.
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДАҒЫ АКЦИЯ
18 жастағы Рамиль Ниязов көп ішінен бірден көзге түседі. Басына қара бас киім киген жас жігіт екі орамалдың бірін мойнына, екіншісін қолына байлапты. Оң қолында «Адамдарды гүлмен атамын» деп жазылған білезік бар. Өзінің сөзінше, бұл сөздер өлең жолдарынан алынған. Рамиль гүлді қарудан артық көретінін айтады. Ол әңгімесін неге алаңға Назарбаевтың сөзі жазылған плакат алып шыққанын түсіндіруден бастады.
— Түпкі себептеріне келсек, бұл — менің қазір болып жатқан оқиғаларға білдірген жалпы наразылығым. Осы арқылы өзім бақылап отыратын азаматтық белсенділікке қолдау көрсеткім келді. Көп белсенділерді танимын. Сондықтан ортақ іске кішкентай үлес қосуды қаладым, — дейді Рамиль Ниязов.
Рамиль алаңға шығуға аздап қорыққанын, өйткені [Қазақстандағы] жүйе қандай қылық көрсетері белгісіз аңға ұқсайтынын айтады.
— Метафорамен түсіндірсем, кейде билік бетінен ұрса да, үндемейді. Кейде жанды жеріне тиіп кеткенде, ашуға мінеді. Әр жолы бір-біріне қайшы екі нұсқаның қайсысы орындаларын білмейсің. Бірден босатуы да, ұзақ уақытқа түрмеге қамауы да мүмкін. Соңғы нұсқа, әсіресе, Қазақстанның бұрынғы президенті туралы айтқанда орындалады, — дейді ол.
Рамиль Ниязов плакатқа жазылған сөзді Нұрсұлтан Назарбаевтың 1987 жылы «Халықтар достығы» журналына берген сұхбатынан алған. Сұхбатта сол кездегі Қазақстанның болашақ президенті авторитарлы басқару жүйесін сынап, Қазақ ССР бұрынғы басшысы Дінмұхамед Қонаев туралы айтқанда, «басшы жоғары шенді бір қызметте ондаған жыл бойы отырмауы керек» деген.
Рамиль «Ашықтық авторитарлы [биліктің] пасықтығын әшкерелейді» деген сөзді бекер таңдамағанын айтады. Оның пікірінше, билікте 30 жыл болған бұрынғы президенттің 32 жыл бұрын берген сұхбатында айтқандарын қазір демократияны қолдаушылар оның өзіне қарсы айтып жүр.
«ОЛ ДА СЕН СИЯҚТЫ АҚЫМАҚ»
Ниязов қолына плакат ұстаған күйі Абай ескерткішінің алдында шамамен 40 минут тұрған.
— Ары-бері өткен жүргіншілермен сөйлесу қызық болды. Ыстық күн астында тұрғанымды көрген бір жүргінші қолдау білдіріп, сусын берді. Кейбіреулер «Мұнда неге плакатпен тұрсың? Сені полиция ұстайтынын білесің ғой?» деп сұрады. «Саған осы үшін ақша төлей ме?» деп келеке қылғандар да табылды. Оларға ескерткіш алдына плакат алып шығу өз бастамам екенін, ол үшін ешкімнен ақша алмайтынымды айттым, — дейді белсенді.
Көп ұзамай Ниязовты Алматыдағы Медеу аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Жас белсендіні бөлімшеде үш сағатқа жуық уақыт ұстап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген, сөмкесіндегі заттарды тексерген. Ниязовтың айтуынша, полиция оған ескерткіш алдына қандай мақсатпен шыққанын баяндап, психологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмағанын, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына (Қазақстанда тыйым салынған тіркелмеген ұйым — ред.) қатысы жоғын растайтын түсініктеме жазуды сұраған.
— Қаулы толтырмай, қиындықсыз босатты. Менің әрекетіме салмақты қарамаған сияқты. Мені жас бала көріп, «Сен менің кенже ініме ұқсайсың. Ол да сен сияқты ақымақ» деді. Не үшін шыққаны, қандай мақсаты бары және немен айналысатыны белгісіз, бос жүрген адам деп қабылдағандай болды. Түсіндіру жұмыстары кезінде олар мені Айдана Айдарханмен (тұтқындағы ақын, диссидент Арон Атабектің қызы. Абай ескерткіші алдында әкесінің өлеңдерін оқып тұрғанда ұсталған — ред.) салыстырып, «Ол шынайы себеппен, әкесі түрмеде отырғандықтан шықты, ал сен не мақсатпен шықтың?» деп сұрады.
Рамиль алаңға шығу мақсатын ата-анасына айтпаған. Олар бұл туралы жаңалықтардан естіп-білген.
— Әкем мені «ақымақ» деп, неге бұлай жасағанымды түсінбеді. Анам хабарласып, «Бұл акция үшін біреу саған ақша төледі ме?» деп сұрады. «Ешкім ақша берген жоқ. Маған сенбейсің бе?» дедім. Анам «Саған сенемін, бірақ менің ойымша, бұл — ақымақтық» деп қысқа қайырды, — дейді Ниязов.
Ниязовтың әкесі — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері. Қазір мемлекетпен байланысы жоқ, жеке кәсіппен айналысады. Бұрын шекара училищесін бітірген әскери азамат құқық қорғау органдарындағы қызметінен ерте кеткен.
— Әкем — «советтік» адам. Бұрын комсомол болған, қазір ораза ұстайды (мұсылмандардың бес парызының бірі – Ред.). Кейіннен ол бас тарту мүмкіндігі болғанына қарамастан, өз еркімен Таулық Қарабаққа (Кавказдағы этносаяси қақтығыс аймағы – ред.) барды. Әкемді жақсы көремін, бірақ оның әдістерін тым авторитарлы және патриархалды деп санаймын, — дейді Ниязов.
«ПОЭЗИЯНЫ АЙНАЛАДА БОЛЫП ЖАТҚАН ОҚИҒАЛАРДАН БӨЛІП ҚАРАМАЙМЫН»
Рамиль Ниязов өткен жылы мектепті бітіріп, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түскен. Бірақ бірнеше айдан кейін, сабаққа баруды қойған. Рамиль бұл әрекетін «Өмірімде қиындықтар кездесіп, ұзақ уақытқа созылған күйзеліс болды. Сабаққа бара алмағаным үшін мені оқудан шығарып жіберді» деп түсіндіреді.
Қазір Рамиль Ниязов Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің еркін өнер мен ғылым факультетіне оқуға қабылданған. Жақында Санкт-Петербург қаласына кетуге дайындалып жүр.
Ниязовтың сөзінше, өзін және басқа белсенділерді «Мұның орнына нақты іспен айналыспай ма?!» деп сынаушылар көп. Шынайы істер туралы әңгіме болғанда, Рамиль өзінің ерікті болу тәжірибесін еске алып, азаматтық позициясын метафорамен түсіндірді.
— Жоғары сынып оқушыларының «Арай» клубына мүше болғанымда, біз онкологиялық ауруға шалдыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап мерекелер ұйымдастыратынбыз. Қазақстандағы «саяси күреске» қатысты позициям 20-ғасырдың сұмдық оқиғаларының алдын-алуға қауқарсыз «ескі мәдениеттен» көңілі қалған постмодернистер ұстанымына ұқсас. Менің ойымша, ақпарат құралдары аз, жабық қоғамды «ЛГБТИКАП — қоршаған ортаны қорғайтын, демократиялық және профеминистік каюта» деп елестетсек, ол жалғыз өзі «Титаникті» құтқара алмайды. Өйткені құтқару қайықтары баршаға ортақ, — дейді Ниязов.
Рамиль бірнеше жылдан бері өлең жазады. Оның пікірінше, поэзия мен шығармашылық азаматтық белсенділік пен өз құқығыңды қорғау жолындағы күреспен жақсы үйлеседі.
— Елде болып жатқан оқиғаларға араласу не араласпау – әркімнің жеке ісі. Өйткені суретшілер мен ақындардың бәрі бірдей емес. Мәселен, Вергилий императорға ода жазған. Бірақ біз мектепте шығармаларымен танысқан жазушылардың көбі күрескер тұлғалар болған. Лермонтов пен Абай – күрескер, Міржақып Дулатов пен Осип Мандельштам концлагерьде көз жұмған. Ал Шәкәрім мен Лорка атылған. Сондықтан мен поэзияны айналада болып жатқан оқиғалардан бөліп қарамаймын. Саясат – теледидардан түспейтін бейнелер мен төрт жылда бір рет дауыс беру ғана емес. Саясат біздің өмірімізге әртүрлі жолмен әсер етеді. Осының бәрін дәл сипаттауға көбіне поэзия тілі керек, — дейді белсенді.