Автоөнеркәсіпке ірі инвестор кірді | «Айқын» газеті

0

Астанада бірінші вице-премьер Асқар Мамин Genertec құрамына кіретін СМС автомобилдерді экспорттау және импорттау жөніндегі трансұлттық қытайлық мемлекеттік компанияның 51% акциясын иеленіп, ірі қазақстандық «СарыарқаАвтоӨндірісі» компаниясы капиталына кіруі туралы инвестициялық келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Сондай-ақ ол инвестормен келіссөздер жүргізді.
Асқар Мамин бұл қадам сыртқы нарыққа шығу үшін экспорттық әлеует пен саланың қарқынды дамуын арттыратын, отандық автомобиль өнеркәсібі үшін стратегиялық жоба екенін атап өтті. Жоба «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағ­дар­ламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Genertec (China General Technology Group) – қытайлық мемлекеттік конгло­мерат, оның қызметі, техникалық консал­тинг­ті, сондай-ақ құрылыс пен жылжы­май­тын мүлікті, инженер­лік келісім, фармацевтика, машина жасау салаларын қамтиды. Компанияның жылдық айналы­мы 31 млрд долларға тең. Экспорттық инвес­тициялық портфелі 180 млрд дол­ларға жетеді. Оның құрамындағы СМС (China National Machinery IMP & EXP CORP) болса, автомобиль саласына қыз­мет жеткізуші, әрі жобаларды басқаруға қызмет көрсету жөніндегі мердігер, ірі халықаралық жобалаушы.
Бірлескен кәсіпорынды дамыту аясын­да серіктестер саладағы өндіріс көлемін 100 000 көлікке және жергілікті мазмұн үлесін 50%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қостанай қаласында автоқұрастыру өндірісін дамыту салада жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Genertec басқарма төрағасы Лу Йимин келіссөздер барысында бірлескен жоба шең­бе­рінде жаңа технологиялар енгізіле­ті­нін, брендтер портфелі кеңейтіліп, өнді­ріс­тік оқшаулау айтарлықтай терең­де­ті­­летінін мәлімдеді. Қазақстан мен ЕАЭО елдеріндегі тұтынушыларға сапалы авто­мо­билдік сервистік қызмет көрсетуді қамта­масыз ету, құрам­дас бөлшектерді жеткізіп беру бо­йын­ша жұмыстар жалға­сын табатын болады.
Бірлескен кәсіпорынға 1,1 млрд доллар инвестиция салынбақ.
Қытайлық серіктеспен әрі инвестормен бірлесіп, отандық кәсіпорын 2019-2021 жыл­дарға арналған өндірісті дамыту стра­те­гиясы шеңберінде JAC, ANKAI, HOWO және HANTENG брендтерімен автомобил­дер шығаруға кіріседі.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын