Автократ басшының көзден таса болуы қауесетті өршітеді
Өткен аптаның соңында Түркіменстан президентінің қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Алайда Түркіменстанның Ресей мен Қырғызстандағы елшіліктері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Оның алдында түркіменстандық мемлекеттік телеарналар 62 жастағы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың демалыс кезінде «Түркіменстанның емдік өсімдіктері» энциклопедиясының кезекті томын дайындап, өзі жазған әндерді тыңдап отырғаны туралы сюжет көрсеткен.
Соңғы жылдары Бердімұхамедов едәуір уақыт көпшілік алдына шықпай қалған кезде президенттің ауыр дертке шалдыққаны туралы алып-қашпа сөздер тарайтын болған. Бірақ ондай қауесет ресми түрде расталмаған.
Авторитарлық билік жүйесі қалыптасқан постсоветтік елдерде басшының көпшілікке көрінбей кетуі түрлі қауесет пен долбар-болжамға түрткі болады. Азаттық сондай оқиғалардың кейбірін еске салады.
ҚҰРМАНБЕК БАКИЕВ. ИНСУЛЬТ ПЕН ТӨБЕЛЕС ЖАЙЛЫ ҚАУЕСЕТ
2008 жылы наурызда Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиев «жоғалып» кетті. Әуелі оның «ауыр дертке» шалдыққаны жайлы, онан кейін «қайтыс болғаны» туралы сыбыс тарады. Бакиевтің инсульт алғаны, бүйрегі ауыратыны, тіпті президентті ұлы Максимнің «жаралағаны» туралы түрлі болжам айтылды.
Арада 25 күн өткенде Құрманбек Бакиев «қайта табылды». Ол наурыздың 3-і мен 28-і аралығында Германияда болғанын, әуелде екі апта «демалып», «медициналық тексеруден өтуге» барғанын, бірақ дәрігерлердің кеңесі бойынша, денсаулығын тыңғылықты тексертуді жөн көргенін хабарлады.
Сол жолы Бакиев «президент әкімшілігінің мұны неге құпия қылғанын түсінбейтінін» айтқан еді.
ВЛАДИМИР ПУТИН. «ТҰМАУ» ЖӘНЕ «АЛИНА КАБАЕВА»
2015 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путиннің көптің көзіне түспей кетуін жұрт сан-саққа жүгіртті.
Путиннің «қайтыс болғаны», «тұмаудан жатып қалғаны», «мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде биліктен тайдырылғаны» я «Швейцарияға босануға барған нақсүйері Алина Кабаеваның қасына кеткені» (екеуінің ара қатынасы туралы ресейлік бірнеше басылым жазған, сондай мақала басқан «Московский корреспондент» газеті көп ұзамай жабылған) туралы түрлі долбар айтылды.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әлгі қауесеттерді жоққа шығарумен болды.
Владимир Путин арада 10 күн өткенде сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесуде жұртқа көрінді. Журналистерге берген сұхбатында Атамбаев Путиннің жағдайы жақсы екенін айтты. «Владимир Владимирович осы жаңа ғана мені (Константин сарайы) аумағында қыдыртты, рөлде өзі отырды. Ресей президенті жүріп қана қоймай, көлікті зымырата айдап, қонақтарды қыдыртады» деп сипаттады Атамбаев.
«Өсек-аяң болмаса зерігеді ғой» деген Путиннің өзі.
АЛЕКСАНДР ЛУКАШЕНКО. «МЕНІ ЖЕРЛЕП ҚОЙҒАН, ӨЗ БАСЫҢА ДА КЕЛУІ МҮМКІН»
2018 жылы шілдеде Беларусь президенті Александр Лукашенко «инсульт алыпты-мыс» деген қауесет тарады.
Шілденің 26-сы күні ол Гомель қаласына баруды алдын ала жоспарлаған еді. Президенттің күзет қызметі мен журналистер Гомельге жеткенімен, Лукашенконың өзі бармай қалды. Оны күткен шенеуніктерге ешкім еш нәрсені түсіндірген жоқ.
Лукашенко тек тамыздың 2-і күні жұртшылыққа көрінді. Астық жинайтын орынға барғанда жергілікті жетекшіден бір жылдан соң атқарған жұмысы туралы есеп беруді талап еткен Лукашенко ол кезде әлгі басшының аман-есен болатынына күмән келтіріп сөйледі. «Сен келесі жылға дейін тірі боласың ғой? Бірақ асып-тасып, күпсінбе. Бір тәулік бұрын мені жерлеп қойған, ондай өз басыңа да келуі мүмкін» деді ол.
ИСЛАМ КАРИМОВ. О ДҮНИЕДЕН ҚҰТТЫҚТАУ
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат 2016 жылғы қыркүйектің 2-сі күні жарияланды. Бірақ бұл туралы қауесет тамыздың 27-і күні тараған еді. Кейбір тәулесіз басылымдар жазғы Олимпиада ойындарынан бұрын-соңды болмаған табыспен оралған Өзбекстан құрамасымен (ұлттық команда төрт алтын медаль иеленіп қайтқан) бірге өткізген банкеттен кейін Каримовтың ес-түсінен айырылып жатып қалғаны (клиникалық өлім) туралы хабарлаған еді.
Бірақ мұндай ақпарат тарағаннан кейін де Каримов бірнеше күн «тірі» болған, тіпті қыркүйектің 1-і күні президенттің Өзбекстан халқын Тәуелсіздік күні мейрамымен «құттықтауы» жарияланды.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ. КҮЛКІ КҮНГІ ҚАЛЖЫҢ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сырқаты жайлы алып-қашпа әңгімелер оқта-текте айтылып қалады. 2011 жылы германиялық Bild басылымында шілденің 14-і күні Гамбург ауруханасында Назарбаевқа ота жасалғаны жайлы ақпарат жарияланды. 2013 жылы Назарбаевтың Израильде емделгені туралы хабар тарады.
2014 жылы әлеуметтік желілерде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзаққа созылған дерттен кейін қайтыс болғаны туралы сыбыс тарады. Бірақ бұл сәуірдің 1-і, күлкі күні көпе-көрнеу таратылған қалжың болып шықты.
2016 жылы қазанда Назарбаев Ереванға ресми сапармен баруы тиіс еді. Бірақ Ақорда баспасөз қызметі президентке суық тигендіктен, денсаулық жағдайына байланысты алдын ала жоспарланған сапардан бас тартқаны туралы ресми түрде хабарлады. Мұндай ресми хабар алғаш рет таратылды. Сол жолы саясаттанушылар Назарбаев Арменияға бармау үшін осындай сылтау айтқан болуы мүмкін деп топшылаған болатын (Баку мен Ереван арасында Таулы Қарабақ аймағына байланысты даулы мәселеде Қазақстан Әзербайжанның ұстанымын қолдайды).
Биыл маусымның 29-ы күні өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесіне барғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев көпшілік көзіне түскен жоқ. Шілденің 5-і мен 6-сында Назарбаевтың Астана күні мерекесі және өзі 79 жасқа толған туған күніне байланысты құттықтаулар қабылдағаны хабарланды. Содан кейін екі апта бойы ол туралы еш хабар болған жоқ. Тек шілденің 21-і күні Назарбаевтың металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтауы жарияланды.
ГЕЙДАР ӘЛИЕВ. ЖАРТЫ ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСҚАН ӨЛАРА КЕЗЕҢ
Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің бақилық болғаны туралы ресми ақпарат 2003 жылғы желтоқсанның 12-сі күні жарияланды. Бірақ соңғы рет ол көпшілік алдына содан сегіз ай бұрын — сәуірде шыққан еді. Сол жолы Әлиев сөйлеп тұрғанда екі рет өзін жайсыз сезінген.
Бұдан кейін Гейдар Әлиевтің қайтыс болғаны туралы сыбыс пен ондай хабарды теріске шығару жиілеген.
Мамырдың басында Гейдар Әлиевтің Стамбул қаласындағы «Гүлхан» ауруханасында ем қабылдап жатқаны айтылды. Сол жылы шілде айында оны АҚШ-тың Кливленд қаласындағы ауруханаға жеткізгені туралы ақпарат тарады. Кейінірек Гейдар Әлиевтің телеарнадан берілген сұхбаты америкалық ауруханада жазып алынған деп хабарланды.
Шілде айында Әзербайжан орталық сайлау комиссиясы сол жылы қазанның 15-і өтетін президент сайлауына Гейдар Әлиевті кандидат етіп тіркеген еді. Осы сайлауға Әлиевтің ұлы Ильхам да өз кандидатурасын ұсынды. Алайда ол: «Гейдар Әлиев президент болады, кандидат ретінде тіркелуім маған қазіргі президенттің пайдасына үгіт жүргізуіме қосымша мүмкіндік береді» деп мәлімдеген.
Ал қазанның 2-сі күні мемлекеттік телеарнадан Гейдар Әлиевтің үндеуі оқылды. Ол сайлауға түскен ұлына қолдау білдіріп, өз кандидатурасын алатынын мәлімдеген. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 76,86 проценті Ильхам Әлиевті қолдап дауыс берген. Бірақ әкесі ұлын жеңісімен құттықтаған жоқ.
«Настоящее время» материалы негізінде әзірленді.