Австралия «ұлттық мүддені қорғау мақсатында» Қытаймен жасасқан келісімдерден бас тартады

0

Австралия билігі Виктория штаты мен Қытай арасында «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында жасалған екі келісімді бұзды. Батыста Пекиннің бұл жобасын «Қытайдың жұмсақ күші» ретінде қарастырады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Келісімдерді бұзу туралы шешімді Австралия сыртқы істер министрі Мариз Пейн қабылдаған. Оның сөзіне қарағанда, Қытаймен жасалған осындай төрт келісім бұзылады. Министрдің айтуынша, құжаттардың барлығы «Австралияның сыртқы саясат бойынша мүддесіне қайшы».

Агенттіктің жазуынша, Канберра мен Пекин арасында дипломатиялық қайшылықтар тереңдеген шақта осындай шешім қабылданып отыр. Бұған дейін Пекин Австралиядан келетін тауарларға санкция салған.

«Бір белдеу – бір жол» – Си Цзиньпин үкіметінің сыртқы саясатта жүзеге асырып жатқан басты жобасы. Жоба Шығыс жартышарды көктеп өтетін үш құрғақ және екі теңіз дәлізін ашуды көздейді. Қытай жобаны оған қатысқан кейбір елдерді әуелі экономикалық, кейінірек саяси тұрғыда бағындыру үшін пайдаланады деген қауіп бар.

Батыс елдері Қытаймен қарым-қатынасын қайта қарастырып жатқан шақта Австралия штаты Қытаймен келісімдерден бас тартып отыр. Жақында АҚШ президенті Джо Байден бұл ғасыр демократия мен автократия күресінің ғасыры болмақ деп мәлімдеген. Ол автократ елдердің қатарына бірінші кезекте Қытай мен Ресейді жатқызған.

Дегенмен Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас 21 сәуірде арадағы ірі қайшылықтарға қарамастан Еуроодақ Қытаймен қарым-қатынас орнатуы тиіс деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Еуроодақ Пекинді бірмезгілде «әріптес, бәсекелес әрі жүйелі қарсылас» ретінде қарастырады. «Осы үш өлшем тұрғысынан алғанда бізге Пекинмен тұрақты, берік қарым-қатынас орнату керек. Айырылысу – дұрыс емес» деді қытайлық әріптесімен кездесуге дайындалып жатқан министр.