«Аузыма бірдеңе құйып, қинады»: Алматыда зорлап, қоқысқа лақтырып кеткен қыздың анасы сұмдық жайтты айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда бірнеше жігіт 8-сынып оқушысын ұрлап әкетіп, топ болып зорлап, артынан ес-түссіз күйінде қоқысқа лақтырып кеткен. Қазір туыстары қыздарының ар-намысын аяққа таптағандарды жауапқа тартқыза алмай әлек болуда. Тергеу амалдарына көңілдері толмайтындарын айтады. Өйткені полиция күдіктілерді қамауға алмақ түгілі, олардан әлі күнге жауап та алмаған. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Сегізінші сыныпта оқитын қызды құрбысы үйінің жанында кездесуге шақырыпты. Дүкеннен сусын сатып алып, екеуі бөлісіп ішкен. Артынан есінен танып қалған. Сол мезетте сыныптастары анасына телефон шалып, қызының ес-түссіз жатқанын жеткізіпті. Анасы келгенше оны бірнеше жігіт көлікке салып алып кеткен. Тек бірнеше сағаттан кейін, лоқсып жатқан қызын тауып, жедел жәрдем шақыртыпты.

«Фельдшерлердің бірімен екеуміз қызымның денесін қарадық. Тізесі сырылған. Жағдайға қарап, оның зорлық құрбаны болғаны бірден көрініп тұрды. Киімдерін ауыстырып жатқанда есі бірде бар, бірде жоқ күйінде: «Анашым мен мұздап барамын, менің аузыма бірдеңе құйып, қинады», — деп айтты», — дейді жәбірленген қыздың анасы. 

Оқиға Түркісіб ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болыпты. Анасының айтуынша, баласын ұрлап кеткендер оны қонақ үйге апарып, ойына келгенін істеген көрінеді.

Күдіктілер арам ойын жүзеге асырғаннан кейін мектеп оқушысын қоқыс төгетін орынға апарып, лақтырып кетіпті. Анасы қызын тапқан кезде шашы да, үсті-басы да су болған. Соған қарап, оны жуындырған болу керек деп топшылауда. 

Полиция келгенімен жасөспірімдер жөніндегі инспекторды біраз күтіпті. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп жатқанда күдіктілердің бірі сол маңда жүрген. Туыстары не болғанын анықтау үшін өз беттерінше сараптамаға апарған.

«Біз балалар гинекологына келіп, тәуелсіз сараптама жасаттық. Ол 23 тамыз күні шынымен зорлық әрекетінің болғанын растап берді. Біз тәуелсіз сарапшыға жүгіндік. Гинеколог дәрігер қызымның зорланғанын растады», — дейді жәбірленушінің анасы.

Қыздың құқығын қорғаушылар полициядан сараптамаға жіберуді өтініп жүріп, гинекологқа әрең апартқыздық, дейді. Оқиға куәгерлері төрт бірдей еңгезердей жігіттің көлікке салып жатқанын көрген.

«Ата анасымен бірге, менің, баланың мүддесін қорғаушы ретінде де тергеу жұмыстарына көңілім толып отырған жоқ. Қазір «қыз бала ойдан шығарған жоқ па, мүмкін өзі ішкен шығар» деген сауалдар туындауда. Бұл сұрақтарға тергеушілер өздерінің кәсіби біліктілігін пайдаланып, заң бойынша жауап табулары тиіс», — дейді «НеМолчи дети.КЗ» қоғамдық қорының жетекшісі Алмат Мұхамеджанов.

Жәбірленуші әлі күнге мектепке бармаған. Ал оны улаған құрбысы белгісіз себептермен өзге мектепке ауысып кетіпті. Полицейлер қылмыстық кодекстің 122-бабы (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының қолға алынғанын жеткізді. Тиісті сараптамалардың қортындысы әлі шықпаған. Тиісінше, күдіктілер де бостандықта жүр. 

stan.kz