Ауыз судың азабын тартқан ауылдар
Ақмола облысы тұрғындарының 85 пайызға жуығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.
– Ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық құрылыс басқармасының бас-
шысы Марат Әубәкіров. Соңғы он жылда алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда біршама өсім бар. Нақты айтсақ, 10 пайыз. Осының нәтижесінде сусыз отырған елді мекендер саны 7,84 пайызға кеміді.
Көкшетау мен Қараөткел өңірі сулы, нулы өлке санатында. Бұлқынып аққан бұлақтары мен өр ылдиын көктей өтіп, шөліркеген даланың таңдайына нәр беретін өзені мен көлі қаншама. Бірақ соның өзінде мамандардың айтуына қарағанда, кей жерлерде жерасты су қоры жарытымсыз екен. Барлау жұмыстары осыны анықтаған. Әсіресе Егіндікөл ауданында жерасты суларының тапшылығы байқалады. Тығырықтан шығу үшін 35 жоба жүзеге асырылуда.
Ауыз су қоры бар деген жерлердің өзінде ішінара судың сапасыз болуы да алаңдатушылық туғызып отыр.
– Су сапасы дабыл қағарлық деңгейде, – дейді облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов. – Микробиологиялық және санитарлық-химиялық тазалық деңгейі республикалық көрсеткіштен көп төмен болып тұр.
Осы орайда, Жарқайың, Жақсы аудандары тұрғындарының 27,3 пайызы сапасыз су ішіп отырса, Шортанды, Астрахан аудандарының тең жартысы дәл осындай күй кешуде. Егіндікөл, Целиноград аудандарындағы ауыз су сапасы да дабыл қағарлықтай.
Орын алып отырған олқылықтың жай-күйін таратып көрелік. Біріншіден, облыстың көп өңірінде ауыз су ашық су көздерінен алынуда. Мал суарылған, құс ұшып қонған, жиектегі бар қоқысты көктемгі қарғын су өзімен бірге сол жерге құятын болғандықтан, ашық су көздерінде тазалық қайдан болсын?!
Екіншіден, онсыз да өңезденіп жатқан ашық су көздерінен су тартатын құбырлар әбден ескіріп біткен. Жарылғаны былай тұрсын, ұзақ жылдар бойы тазаланбағандықтан, оның өне бойы таттанып шіруге айналған. Су тазалайтын қондырғылардың да жағдайы мәз емес. Құбыр арқылы келген сапасыз суды талапқа сай тазартуға қауметі қаптал жетпейді.
– Көкшетау қаласы, Жақсы ауылы, Белағаш кенті, Астрахан ауданындағы Колутон стансасындағы су тазалайтын құрылғыларды дереу ауыстырып, кешенді шара қолдану керек. Әйтпесе, тұрғындардың денсаулығына зиян, – дейді А.Дүйсенов.
«Алған жердің қары да таусылады» демекші, күні-түні пәленбай текше метр су айдаған соң неше жерден айдыны кең, түбі терең болса да, ашық су көздері мүлдем сарқылмаса да, ойсырай кемиді. Әсіресе, жаздың ыстық айларында. Осы орайда, бұрын күні-түні су үстеп жататын бұлақ көздері бітелгендігін айтуға тиістіміз. Ал су айдынының астын кеңейту, тазалау, жерасты суымен молайту жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Суы ортайған арналар жаз бойы борсып, иістенбек. Оның үстіне жағалаудың бәрін қамыс құрақ басып кеткен. Балдыры қанша?! Осы арада мынандай бір деректі келтіре кетелік, өңірде әр жылдары су тазалайтын 47 блок-модуль орнатылған екен. Бірақ өкінішке қарай осы блок-модульдардың 51 пайызы он жылдан астам уақыт бойы кәдеге жаратылмай отыр. Ал қалғандарының 8-і істен шыққан. Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылының, Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылының жанындағы су көздеріндегі блок-модульдар қыруар ақшаға сатып алынып, орналастырылғаннан бері бір күн де пайдаланылмапты. Судай аққан есіл қаражат-ай десеңізші. Белгіленген тәртіпке орай, блок-модульдар берілгеннен кейін бір жыл көлемінде кепілдігі болуы керек екен. Одан былайғы уақытта қызмет көрсету келісім шартына сәйкес пайдаланушы кәсіпорындар модуль-блоктың ақаусыз қызмет етуін қамтамасыз етуге тиісті. Осы орайда, ондай келісім-шарттың жасалмағандығын екпін түсіре айтуға тиістіміз. Коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын басшыларының айтуына қарағанда, мұндай техникалық қызметті уақтылы атқарып тұру үшін жыл сайын кемінде 7-15 миллион теңге қаражат қажет. Қараусыз қалғандықтан, қауіп те аз емес.
– Санитарлық-техникалық жағдайдың қарай, облыста 159 су құбырының эпидемиологиялық қаупі жоғары болып отыр, – дейді департамент басшысы.
Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай су құбырларын мүлде пайдалануға болмайды. Барының өзі бағаланбай отыр. Осы арада тағы бір дерек, 2009 жылы Степняк қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылындағы және Шортанды ауанындағы Төңкеріс ауылындағы «Даму Азия» банкінің қаржысы есебінен салынған су құбырлары мүлдем пайдалануға берілмеген. Міне, жаны ашымастықтың жойқын мысалы осы арада. 2018 жылы Шортанды, Целиноград, Біржан сал аудандарындағы 16 нысанның санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан жарамсыздығына орай хаттама толтырылған. Онда олқылықтың орнын толтыру тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Оны айтасыз, 2009 жылдан бері 90 нысан иесіз тұр. Демек, түптеп келгенде халықтың денсаулығына ешкім жауап бермейді деген сөз. Барының бапсыз екендігін жоғарыда айттық. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдеріне ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандарды техникалық тұрғыдан ақаусыз күтіп ұстауына бюджеттен қаржы бөлінбеген.
Тағы бір мәселе, ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандарда жұмыс істейтін білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бұл стратегиялық маңызды нысандар қатарына жатса да, тек 11-інің ғана әскерилендірілген күзеті бар. Бұл дегеніңіз барлық көлемнің небары 3 пайызы ғана.
Су құбырлары жүйесі уақытында тазаланбайды, дезинфекция жүргізілмейді. Ал бұл жұмысты атқару үшін бері қойғанда 300 миллион теңге қаражат керек екен. Биыл қажет қаржының 30 миллион теңгесі ғана бөлінген. Бұл бүркуге де жетпейді. Су сапасына ұдайы мониторинг жүргізілуі керек еді. Ол да жоқ. Өйткені, бұл жұмысқа 77,5 миллион теңге қажет болса, 2018 жылы 21,3 миллион теңге ғана бөлінген. Осындай олқылықтардың орын алуы себепті, жергілікті жұрт сапасы күмәнді су ішіп отыр.
Ауыз судың құрамында минералды тұздың шамадан тыс көбейіп кетуіне байланысты елде ауру-сырқау көбейген. Жыл сайын үш мыңға жуық осындай оқиға тіркеледі. Облыстағы 30 елді мекен ауыз суды ғұмыры ешкім сапасын тексеріп көрмеген, қолдан қазылған құдықтар мен ұңғымалардан ішіп отыр. Мұндай күмәнді құдықтардың сегізі Астрахан, тоғызы Атбасар ауданында.
Атам қазақ баяғыда-ақ «ауру – астан» деген. Біліп айтқан. Қазір оған қоса судан да болып тұр.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/