Ауыр дертке шалдыққан атақты қазақ композиторы халықтан көмек сұрайды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор, бұрынғы «Гүлдер» ансамблінің белді мүшесі, әйгілі «Тұмарым» атты хит әннің авторы Рамазан Елібаев бүгінде ауыр сырқатпен арпаласып жатыр, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат порталы.
Кезінде эстрада жұлдызы атанған осы өнер иесінің бүгінде өмірі қыл үстінде. 76 жастағы композитор соңғы 20 жыл бойы үшінші дәрежелі «паркинсон» ауруымен арпалысып жатыр, яғни сырқаттың соңғы кезеңі. Қазір дәрінің күшімен ғана жүр екен.
«Дененің әлсіздігінен жүріп-тұру, тамақтану, басқа да көп нәрсе қиынға түсіп тұр», – дейді Рамазан Елібаев.
Әншіні әбден әбігерге салған «паркинсон» дертін түсінікті тілмен түсіндіріп берсек, әлгі ауру сәт сайын Рамазан Елібаевтың азғасын дендеп барады. Яғни, қол-аяғы дірілдеп-қалшылдап, тамақ ішсе қақалып-шашалып қалады екен. Бұл туралы әкесінің өміріне алаңдаған композитордың ұлы Алмас айтып берді.
«Қазір әкеміздің жағдайы өте қиын деп айтуға болады. Өйткені осы «паркинсон» ауруы оның ағзасына, миына әсер етіп жатыр. Тіпті қазір жүре алмай қалды, тамақты да дұрыс іше алмайтын болды. Өйткені қақалып-шашала береді. Осының әсерінен екі рет өлім аузынан қалды. Ауырады, көмек керек», – дейді Алмас Елібаев.
Атақты композитор аяққа тұрып кеткісі келеді. Бірақ Түркиядағы клиникалардың бірінде миына операция жасату керек. Ол үшін қомақты қаржының қажет екенін айтады.
«Түркияның мамандары, Түркияның клиникасы дүниежүзіндегі басқа клиникаларға қарағанда кішкене арзан екен. Отаға 29 мың доллар керек. Олар қазіргі курспен 15 млн теңге сұрап отыр. Біздің отбасы үшін ол қазіргі таңда қомақты қаражат. Өйткені біздің отбасымызда екі-үш жылдай дағдарыс болды. Екі жыл бұрын анамыз қайтыс болды. Ол да көп жыл ауырды. Оның алдында кішкене қызым дүниедегі ең ауыр дертпен ауырған. Шынын айтқанда, соңғы жылдары қиынға соғып тұр», – дейді композитордың ұлы.
Кезінде өнердің ордасы атанған – Алматыны әнімен әуелеткен әйгілі «Тұмарым» хитінің авторы қазір денсаулығына байланысты Өскемен қаласына көшіп кеткен. Тек шығармашылықтан шабыт алатын Рамазан Елібаев бүгінде сахнаны сағынып, өнерді аңсап жүр.
«Әрине, сахна төрінде 40 жылдай жүрген әнші аяқ астынан кетіп қалды деп ойлайтын шығар. Сағынамын, әрине! Сахнаға шыққым келеді әлі де», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Әкем 40 жылдай өнерде жүргенде Қазақстанның атақты әншілермен бірге дүниежүзін аралаған. Талай фестиваль мен конкурстардың иегері. Кезінде сіздер білетін «Тұмарым», «Жаным-ау», «Не пайда», «Көздер» -ай» деген хиттің бәрін, сол кезде айтқан әннің бәрін сағынады. Қазін әндердің мәтінін ұмыта береді. Ән айта алмай қалды. Концерт, тойларға қатыса алмай қалды. Әрине, «үмітсіз шайтан» демекші, әлі де үміттенеді. Соңғы жазған өлеңдері бар, соның бәрі қалып қойды. Бірақ осы отаны жасап, әкеміздің жағдайын дұрыстасақ ол әлі осы өнермен, шығармашылықпен айналысады, жалғастырады деп сенеміз», – дейді сазгердің баласы.
Бұрын атақты әншілермен бір сахнада өнер көрсетіп, сауық-кештерде көңіл көтеретін Рамазан Елібаевтың қазіргі таңда әріптестерімен қарым-қатынасы үзілген. Ауыр дертке шалдыққан сазгер талай мәрте көмек сұрап хабарласқанымен, өнер жұлдыздарынан хат-хабар жоқ екен.
«Сөздің шыны керек, мен осындай жағдайға түсіп қалғаннан кейін қалталы азаматтар, әншілер, әртістер дәнекер болар, көмектесер деп ойлаған едім. Бірақ олай болмай жатыр», – дейді композитор.
«Кезінде әкем «Тұмарым» әнімен хит боп жүрген кезінде біраз әнші әкемізге көмектескен еді. Оның арасында Роза Қуанышқызы бар, Ұлықпан Жолдасов бар. Ол кісі әндерін, музыкасын студиясында жазып берген еді. Бірақ қазір керек кезде өнер адамдары, сахна төріндегі белгілі кісілер көмектеседі деп ойлағанбыз. Көп кісіге хат жолдап, инстаграмға жазған едік. Әлі де көмектесер деп үміттенеміз», – дейді Рамазан Елібаевтың ұлы.
Ауруымен алысқан әнші осы уақытқа дейін де халықтан көмек сұрапты. Алайда, отаға қажетті қаржы, яғни 15 миллион теңге жинала қоймаған. Десек те, аз да болса ақша лақтырған тыңдармандарына деген алғысы шексіз.
«Менің өнерімді сыйлайтын, әндерімді бағалайтын азаматтар мен азаматшалар, сіздерге көп-көп рақметімді айтқым келеді. Асу-бел, алабөтен өнер жолында қанаттарыңыз талмасын», – деді Рамазан Елібаев.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз!