Ауылда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті

0

 Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиев, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Т.Алтынғалиев бастаған бірқатар мемлекеттік органдардың, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ МК Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшылары қатысты.

Шара барысында ауданға қарасты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері өздерінің қызмет көрсету тәртіптерін түсіндіріп, қызмет алушылардың сұрақтарына жаупа берді. Мемлекеттік қызмет көрсету форматын электронды түрге көшіру аясында әзірленген презентациялар көпшілік назарына ұсынылып, арнайы дайындалған жадынамалар таратылды. Жәрмеңкеге қатысушы аудан және ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Ұйымдастырылған спорттық сайыстар, атап айтқанда қазақша күрес, қой және гір көтеру, армрестлинг сияқты жарыстар халықтың мейлінше көп қатысуына өз септігін тигізді.

Бұған қоса аудан өнерпаздарының мерекелік концерті мен Таушық ауылының қол өнер, жергілікті өнім шығарушы кәсіпкерлердің көрмесі одан әрі әрлендіре түсіргенін айтпай кетуге болмайды.

Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі де жоқ емес, мәдени және спорттық шаралардың барлығы бір жерде, яғни Таушық ауылында жаңадан бой көтерген спорттық кешен ғимаратында өткізілген болатын.

Жәрмеңке соңында ауыл ақсақалдары бүгінгі шарадан өздеріне қажетті бірқатар мәліметтер алғандығын, мемлекеттік қызметтерді электронды алуға мүмкіндігінше үлестерін қосатындықтарын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы