Ауылда алма көп еді…

0

Жаз бойы біздің бақта алма төгіліп жататын. Кей күндері апам бұлқан-талқан боп ашуланып, бұл үйге оның өзінен басқа ешкімнің жаны ашымайтынын есімізге салғанда ғана інім екеуміз шелек-шелек қып теріп әкеліп, қорадағы сиырдың, қойдың, есектің ақырына салып қоятынбыз. Әйткенмен кешқұрым өрістен тыңқиып тойып қайтатын мал да: «Бұны қайтеміз? Анау бауда шашылып-төгіліп, шіріп жатыр ғой» дегендей аспанға қарап, мұрнын шүйіріп тұрушы еді.

Сөйтіп жүргенде бір күні ауылға жүк машинасымен бірі ұзын, бірі қысқа бойлы екі орыс кісі келе қалды. Естуімізше, бақтан алма жинап өткізгендерге азын-аулақ ақша төлейтін көрінеді.  

Ол кезде біз үшінші сыныпта оқитынбыз. Әлгі хабарды естіген бойда әрқайсымыз өз үйімізге қарай зыта жөнелдік. Отхана жақта тамақ істеп жүрген апам: «Алма алушылар… алма алушылар келді!..» деп алқынып жеткен маған таңдана қарап: «Шарбақтың есігін кең қылып ашып қой да, шамаң келгенше өткізе бер» деп қолын бір сілтей салды.

Сол күні бүкіл ауылдың бала-шағасы шұбырып жүріп жаңағы машинаға алма тасумен болдық. Әрбір шелекке қарап алма алушылар:

— Смотри, какие яблоки, а? – деп таңғалады.

Содан соң Әбдіәкім шабандоздың жұдырығындай бір нән алманы шелектен іліп алып, қарш-қарш шайнап тұрып:

— Прекрасно! – дейді.

— Не говори!.. Вкус, аромат какой, божественный!..

Ол кезде басқа жақпен барыс-келіс жасауы қиын біздің ауылға өзге ұлттың өкілдері өте сирек келуші еді. Себебі, олар Аспантаудың бөктеріндегі қиыр-шиыр жолдардың азабына төзе алмайтын. Сондықтан, мына кісілердің сөздері де, өздері де бүгін бізге біртүрлі қызық көрініп, бір-бірімізге қарап қуанып, күле береміз, күле береміз.

***

Ертеңіне тоғай жақтағы ашық алаңқайға барып доп ойнап, өзенге шомылып қайтып келе жатқанымызда ортамыздағы Әнтай деген бала бір қызық ойын ойлап тауып:

— Әй, балдар, балдар! — деді екі қолын дирижер секілді жоғары көтеріп. – Давай, бір-бірімізбен орысша сөйлесейікші!

Кеше ғана ауылға келіп-кеткен алма алушылардың әсері болар, бәріміз жапа-тармағай:

— Давай, давай! – деп шуылдай жөнелдік.

Сөйтіп, Әнтайдың өзі бастап:

— Ах… смотри, а, — деді бір кезде біздің ауылды жаңа ғана көріп тұрғандай айналаға таңдана қарап. – Как қарашо, а?!

— Қарашо!

— Қарашо-о! – деп біз басымызды изеп, мәз-мәйрам болып мақұлдай жөнелдік.

— От, иаблоко укусный, дә?!

— Дә!

— Дә-ә!

— Арамат какой, а?!

— Какой!

— Какой!!!

— Бажествен, дә?

— Дә!

— Қарашо-о! Не гавари!

Расында да, біз үшін  бұл бір қызық ойын болып шықты. Мына дүниенің бұрын-соңды байқамаған жаңа бір қыры ашылғандай шаттанып, қанаттанып кеттік.

Әйткенмен, біз қоштап, қуаттаған сайын Әнтайдың кешегі алма алушылардан естіген орысшасы тақыр-тұқыр таусыла бастады. Басқаларымыздың да өз жанымыздан қосатын ештеңеміз жоқ екені әп-сәтте белгілі болып қалды. Өйткені ауылдағы төрт сыныптық бастауыш мектепті екіге бөліп, екі сыныпты түске дейін, екі сыныпты түстен кейін оқытатын Мүтән ағайымыз үйреткен «папа, мама, хлеб, сахар» деген сөздер бұл ойынға онша үйлесе қоймайды екен. Бірақ Әнтай сонда да болса тоқтамай:   

 — Смотри, а, — дейді өзінше бірдеңелерді долбарлап. – Түнде далаға шық түскенский, да?!

— Дә!

— Дә-ә! Түскенский! – дейміз біз шулап.

— Смотри, қыс келсе, қар жауадский, да-а?

— Дә!

— Дә-ә! Жауадский.

— Сонда таудан шанамен сырғанаймыз… ский!

— Сырғанаймызский!

Сол күні, не керек, бәріміз құмарымыз қанғанша «орысша» сөйлеп, үйге бір үлкен жұмыс бітіргендей сілеміз қатып, шаршап қайттық.

Сол жылы алма бақ күн сайын шашылып-төгіліп, есін шығарған мол жемісінен құтылғанына қуанғандай бір тазарып, қысқа дейін жеңіл тыныстап жатты.

ххх

Ал уақыт болса, зымырап өте берді. Бақтағы алмалар секілді пісіп-жетілген ауыл жастары жылда-жылда қалаға кетіп, оқуға түсіп, жұмысқа орналасып, біржола қалып жатты. Солардың бірі, міне, өзіміз…

Өткен аптада қаладағы бір жерлес ағайымыз дүниеден өтіп, Панфиловшылар саябағындағы «Жұлдыз» мейрамханасында ас беріліп, құран оқылды. Көз көрген ауылдас, жерлес, аруаққа серік адамдар жиналды.

Кенет, үлкен залдың орта тұсында отырған бір кісі көзіме оттай басылды. «Оу, мынау Әнтай ғой!» деп жүрегім лүпілдеп қоя берді. Ол баяғыда орталықтағы мектеп-интернатты бітірген соң, Ресей жаққа оқуға кетіпті деп естігенмін. Содан кейін көріп тұрғаным осы еді.

Шамасы, бір сағаттан соң есік алдына шығып, екеуміз бір-біріміздің қолымызды қысып, құшақтаса кеттік. Содан соң бір-бірімізбен телефон номерін алмасып, алдағы күндері хабарласуға уәделесіп жатқанымызда, көше жиегіне келіп тоқтаған ақ түсті «джиптен», о, тоба, сол баяғы, бала күнгі Әнтай секіріп түсіп, бізге қарай тұра жүгірмесі бар ма.

— Деда, купи мне мороженое! – дейді алыстан айғайлап.

— Сейчась… сейчась куплю, — деп менің жанымдағы үлкен Әнтай кіші Әнтайға тап-таза орыс тілінде жауап қатып, ішкі қалтасынан әмиянын алып, күйбеңдеп жатыр. – Видишь, я с дяденькой разговариваю…

 Содан екеуміз қоштасарда: «Ауылға қашан барасыңдар?» деп сұрадым одан.

Әнтай біртүрлі ыңғайсызданып: «Білмеймін, — деп басын шайқады. – Алыстап кеттік қой біртүрлі…»

«Алманың иісін сағынған жоқсың ба?..»

«Кейін … – деді ол қиналып, — кейін… оңаша кездескенде айтам…»

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/