Ауыл тұрғыны қабірден бір жарым ғасыр бұрын жарық көрген кітап тауып алды

0

Тарихи жәдігердің иесі кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннен бой тасалау үшін кітапты қабір басына жасыруы мүмкін деген жорамал бар

Ақтөбе облысында елді мекен маңындағы қорымнан ескі араб тілінде жазылған кітап табылды.

Тарихи жәдігерді Хромтау ауданы Тасөткел ауылының тұрғыны тауып алған, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Елді мекен маңындағы қорымнан шыққан кітап парақтары ескі араб тілінде жазылған.

Қағаз беттері әбден сарғайғанымен, төте жазу анық көрінеді. Жәдігер иесі кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннен бой тасалау үшін кітапты қабір басына жасыруы мүмкін деген жорамал бар.

«Хромтау ауданының «Нұр» мешітінің бас имамы осы кітапты қарағанда «Бұл Құранның өзі емес, бірақ арабша жазылған шариғаттың заңымен өмір сүрудің салтын түсіндіретін фитх кітабы» деді. Және бұл бір емес төрт кітап болып шықты. Осының ішінде біреуі грамматика деп айтты», — дейді қала тұрғыны Серік Әбдіжәми.

Облыстық мешіт имамдары бір бумаға оралған қағаздарды төрт түрлі кітап деп отыр. Бірі ислам шариғаты туралы жинақ болса, екіншісі араб тілінің әліпбиі болуы мүмкін.

Қалғандарының мән-мағынасы мен баспадан шыққан уақыты білікті мамандар зерттегеннен кейін белгілі болады.

Тиісті зерделеу жұмыстары аяқталған соң құнды жәдігер облыстық музейдің «Руханият» көрме-залына қойылады.