Ауыл тұрғыны малының бруцеллезге шалдықпағанын дәлелдей алмай жүр
Қазір ветеринария бөлімі бруцеллез деген бес қойы да қозылап, өсіп-өніп жатқанын айтқан тұрғын енді Жоғарғы сотқа шағымданбақ.
Алматы облысындағы Панфилов ауданына қарасты Алтыүй ауылының тұрғыны Фарида Масимова қорасындағы бес қойының бруцеллезге шалдықпағанын дәлелдей алмай жүр. Тұрғын аудандық сотқа шағымданған, алайда жеңіліп қалған. Облыстық сотта да апелляциялық шағымды қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фарида Масимованың сөзінше, Панфилов ауданында өткен сот аудандық ветеринария бөлімі мен тұрғын арасында бола тұра, процеске прокурор қатыспаған.
«Бізде екінші тарап мемлекет болғандықтан, міндетті түрде прокурор қатысуы керек еді. Алайда прокурор қатысқан жоқ. Және прокурордың қатысуынсыз істі қарау жөнінде сот тараптардың пікірін де сұраған жоқ», — деді апелляциялық шағым түсіруші тараптың сенімді өкілі Әсел Омарбекова облыстық сот алқасына.
Бес қойының сау екенін қайтсем де дәлелдеймін деген тұрғын Ауыл шаруашылығы министрлігіне де хат жолдаған. Ол жерде саулықтардан бруцеллез анықталған жағдайда екінші мәрте қан сынамасын алуға бола ма, егер болмаса ол қай заңда көрсетілгенін көрсетуді жазған.
Министрлік жауабында былай делінген: «Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 35-бап 2 тармағының 6-1 тармақшасында көрсетілгендей, ауыл шаруашылық жануарларының қан сынамаларын қайта тексеру мал иесінің есебінен жүргізіледі». Алайда, Фарида Масимова өз есебінен ешқандай да екінші сынама жүргізілмегенін айтады. Панфилов аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Қанапия Рақышевтің сөзінше, бруцеллез ауруы расталған малдан ешқашан екінші мәрте қан алынбайды.
«Бруцеллезге оң нәтиже берген ауылшаруашылық жануарынан екінші рет қан алып, тексермейді. Ауыл шаруашылық министрлігінің мал иесі есебінен жүргізіледі деп отырғаны — зертханада сақтаулы тұрған, бруцеллезге оң нәтиже берген сынаманы екінші референттік орталықта тексеру. Бұл бес қойдың сынамасы Алматы Ұлттық референттік орталығында тексерілген және қайтадан оң нәтиже берген», — деді Панфилов аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Қанапия Рақышев.
Фарида Масимова дәл сол орталыққа өз қойларының сынамасы барғанына күдікпен қарайды. Қазір ветеринария бөлімі бруцеллез деген бес қойы да қозылап, өсіп-өніп жатқанын айтқан тұрғын енді Жоғарғы сотқа шағымданбақ.
Тұрғын бес қойының сау екенін дәлелдеу үшін шаш-етектен шығынға баттым деп отыр. Тек әділдік керек деген Ф.Масимова адвокат жалдап, Жаркент пен Талдықорған арасында жүр. Енді ол Астанаға жол тартпақ.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!