ауыл тұрғыны аудан әкімдігін аяғынан тік тұрғызды
Ауыл тұрғыны ауласын қазып жатқанда күрек ағашқа тиіп, арасынан бір адамның басы мен қол сүйектері шыққан
НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды облысында ауыл тұрғынының ауласынан адам мүрделері табылды. Үй қожайыны жер қазғанда адамның сүйегін тауып шалқасынан түсе жаздаған.
Жергілікті билік пен полицияны құлағдар етіп, табыттарды қазып алу керек болған. Алайда арада бес күн өтсе де, қолқаны қабатын бас сүйектері ашылған мүрделер аулада әлі жатыр. Ауыл әкімі қарасын көрсетпей, жіберген жұмыскерлері іс тындырмай табанын жалтыратқан. Ауласы бейітке айналған азамат телеарнаға шағымданғанда ғана атқамінерлер ауылға жетіп келген, деп хабарлады КТК.
Тағы оқыңыз: Леңгірде адам сүйектері мен ішкі ағзалары салынған бөтелкелер шашылып жатыр
Алдабековтер отбасы орталық су жүйесіне қосылуға шұңқыр қазған. Қоршауға жақындағанда күрек ағашқа тиіп, арасынан бір адамның басы мен қол сүйектері шығыпты. Полиция шақыртылып, ағаш табыттың айналасы кеңейтілген. Артынша екінші табыт көрініп, кейін жанына үшіншісі де табылыпты. Жергілікті билік мүрделер де қазып алынып сараптамаға жөнелтетін болған. Алайда бес күн өтсе де табыттар жатқан қоршаудың сыртқы бөлігі әлі қазылып бітпеген.
«Бүгін, міне, 17 қыркүйек. Мүрделердің басы ауламда ашық жатыр. Ал мына жағы қазылып бітпеді. Сенбі күні 5 адам келіп екі сағат жұмыс істеді де, «басымыз айналды» деп кетіп қалды. Содан бері өз күшімізбен тырбаңдап жүрміз. Ауыл әкімдігіне арыздансақ, «қайда барсаң онда бар, өз шаруаңды өзің шеш» деп отыр. Бес күн бойы өліктің қасында жатырмыз», — дейді Мұстафин ауылының тұрғыны Азат Алдабеков.
Ал ауыл әкімі бұдан хабардар болса да, қарасын әлі көрсетпепті. Оның орнына ауданнан шенділер жетіп, наразы тұрғынның арызын тыңдады.
«Жергілікті атқару органы өз жұмысына салғырт қараған. Оған бүгін көзім жетіп отыр. Ауыл әкімі тұрғынмен кездесіп, мән-жайды түсіндіруі керек еді. Мына жұмыстарды да қадағалап, аяғына жеткізуі тиіс болған. Барлығын тексереміз», — дейді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Айдан Әлімов.
Мұстафиннің байырғы тұрғындары ауылдың осы бөлігі ескі замандағы «қорымның үстіне салынған» дейді. Сөздерінің жаны бар. Өйткені 2015 жылы көшеге су құбыры төселгенде адамның сүйектері көптеп табылған. Сараптамадан кейін басқа жерге көміліпті. Шенділер осы жолы ауладан табылған сүйектерді де ережеге сай жөнелтеміз деп шуылдады. Үй қожайынының арызынан кейін мұнда аудан әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, ауылдық әкімшілік мамандары және жергілікті полиция бөлімінің бастығы да келіп жетті. Айтуларынша бұл жердегі мүрделерді тез арада қазып алып, сараптама жасатып, қайта жерге көмеміз дейді. Бір топ адам осылайша уәдені үйіп-төгіп жатқанда, бір шұңқырды таңертеңнен бері жалғыз адам итеңдеп әлі қазып жатыр.
sputniknews.kz