Ауыл шаруашылығы субсидиялары сән салоны, фармацевтика, жылжымайтын мүлікті жалға беру ұйымдарына аударылып келген – Ахметжанов

0

Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ сән салоны, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу сынды салаларға 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілгені анықталды.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Марат Ахметжанов агенттік қызметіндегі басты басымдық – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту екенін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын ешкім жойған жоқ деп ерекше атап өткім келеді. Бұл зұлымдықпен біз барынша аяусыз күресетін боламыз. Барлық мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды енгізу туралы тағы бір талап бар. Бұл талап Үкімет қаулысымен бекітілген. Жобалық басқару жүйесінің негізгі бағыттарының бірі – «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл». Оны агенттік үйлестіретін болады», – деді Ахметжанов.

Марат Ахметжанов Президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына жүргізіліп жатқан ауқымды талдау туралы айтып берді.  Осы ретте, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірмейтін кәсіпорындарға субсидия төлеу фактілері анықталды. Мысалы, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидиялар берілді. Олар: сұлулық салондары, фармацевтикалық компаниялар, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу және т. б.

Сөз соңында агенттік басшысы мұндай жауапсыздықтың және ауыл шаруашылығы басқармаларының тарапынан бақылау болмауының салдарынан жалпы сала зардап шегіп отырғанын айтты. Өз кезегінде, кездесуге қатысушылар өтінім беруден бастап субсидия берілгенге дейінгі аралықта ашықтықты қамтамасыз ету бойынша ұсынысын жариялады. Сондай-ақ, субсидия беру мәселелерінде сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар ұсынды.