Ауыл баласы «Бала дауысында» жеңіске жетіп, Париждегі Диснейлендке жолдама ұтып алды

0

2018 жылғы 9 желтоқсан 23:23 166

Ауыл баласы «Бала дауысында» жеңіске жетіп, Париждегі Диснейлендке жолдама ұтып алды


АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының үшінші маусымының гала-концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бала дауысы» — еліміздегі балалар арасындағы ең ауқымды музыкалық жоба. 6 айда еліміздің барлық өңірлерінен 3 756 бала конкурстың іріктеу кезеңдерінен өтіп, соның ішінен ең талантты 19 бүлдіршін таңдап алынған болатын.  

Бір ай бойы телекөрермендер балалардың өнерін тамашалап, өздеріне ұнаған үміткерге дауыс берді. Байқаудың кәсіби әділқазы алқасы құрамында Майра Мұхамедқызы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Айқын Төлепберген, Данияр Өтеген, Жанар Дұғалова, Әсем Жакетаева және Серік Ибрагимов секілді танымал өнер жұлдыздары төрелік етті.

Салтанатты марапаттау кешінде «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева сөз сөйледі.

Ауыл баласы «Бала дауысында» жеңіске жетіп, Париждегі Диснейлендке жолдама ұтып алды

«Біз қазір материалды құндылықтар салтанат құрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін де «Бала дауысы» секілді жобалар өте қажет. Мұнда біз сұлулық пен қуаныш әлеміне еніп, шын өнермен сусындаймыз. Құрметті қауым! Балаларға қандай мұра қалдыратынымыз жайлы жақсылап ойланайықшы. Мен 4 баланың анасы ретінде балаларым экологиясы таза, мейірімді адамдар, рухани  құндылықтар бәрінен жоғары тұратын әлемде өмір сүрсе деймін. Ол әлемді сіз бен біз ғана жасай аламыз. Бәрін өзімізден бастау керек.  Балалар! Мен сіздерді романтик болуға шақырамын. Романтиктер ұлы істер жасай алады», — деді Әлия Назарбаева.

Ауыл баласы «Бала дауысында» жеңіске жетіп, Париждегі Диснейлендке жолдама ұтып алды

6 конкурстық бағдарлама нәтижесінде «Халық махаббаты» сыйлығы маңғыстаулық Дильназ Тілеповаға бұйырды. 3,2,1-ші орындарды шығысқазақстандық Мәулен Ахметқалиев, Алматыдан келген Темірлан Осымқұл және солтүстікқазақстандық Әмина Жапар өзара бөлісті.

Ауыл баласы «Бала дауысында» жеңіске жетіп, Париждегі Диснейлендке жолдама ұтып алды

Үшінші маусымның Гран-при жүлдесін Қостанай облысы Қостанай ауданының Владимировка ауылынан келген 10 жасар Болатхан Исатай жеңіп алды. Оған Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы мамандандырылған өнер мектебінде оқу гранты және Париждегі Диснейлендке жолдама табыс етілді. Барлық финалист «Бала дауысының» символы — ғажайып нота мүсіншесі мен естелік сыйлықтарды арқалап қайтты.    

Байқау осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. «Бала дауысының» төртінші маусымы 2019 жылдың наурыз айында Қостанайда басталады.