АУЫЛ ӘКІМДЕРІ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕ ОҚЫДЫ
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде бүгінгі таңда біршама тындырымды шаруа атқарылып келеді. Әсіресе, АӨК-нің ғылым саласына байланысты дүниелерін тайға таңба басқандай етіп ұсынып жатыр. Осы саладағы көптеген түйткілді мәселелердің шешілу жолын алдымен ғылыми тұрғыдан қарастыруды білім ордасының ғалымдары түрлі деңгейде ұсынып жүр. Алға жылжу бар. Бірақ жүрісті үдете түсу – басты мақсат.
«Ауылды көтеру – мемлекетті көтеру» деп Президентіміздің өзі бастама көтеріп отыр. Алдымен түп қазығымыз ауылды жаңғырту – ҚазАТУ-лық ғалымдардың басты міндеті. Сол бағытта білім ордасы алдымен аудан және ауылдық округтардың әкімдеріне арнайы курс ұйымдастыруды бастап кетті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған курстың берері мол. Аудан және ауыл әкімдерінің университет партасына отыру себебі не?
Себеп – бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының назарын аудартып, санасын ғылымға аударту. Әкімдер курс барысында жинақтаған тәжірибесімен ауылындағы шаруа қожалықтарымен міндетті түрде бөлісері анық. Осылайша, шаруа қожалықтары басшыларын ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияның мүмкіндігіне көз жеткізу. Қажет болған жағдайда қожалық басшылары өздері немесе мамандарын университетке жіберіп, білігін арттыруына мүмкіндік жасау. Бар мақсат – осы.
ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев арнайы курсқа қатысып жатқан әкімдермен болған кездесуде жоғарыда айтылған мәселелерді шегелеп берді. «Егер ауылдың жағдайы жақсы болса, елдің де жағдайы жақсара түсетіні сөзсіз. Себебі, сіздер – ел басқарып отырған азаматсыздар. Бүгінде ауыл шаруашылығы білім-ғылымсыз алға жылжуы мүмкін емес. Жүйедегі жаңашылдықтарды алдымен сіздерге айтып көрсеткіміз келді. Сол себепті арнайы курс ұйымдастырдық. Қажет болса, шаруа қожалықтарының басшыларын шақырып, курстар ұйымдастыруға біз дайынбыз. Ол үшін алдымен ауылдағы шаруа қожалықтарына қозғау салуларыңыз қажет. Осылайша, бір-бірімізді қолдап, ел үшін қызмет жасайық», – деді.
Әкімдерді оқытуды алғаш болып бастаған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесіде шаруа қожалықтарының басшылары мен мамандарын да оқытуды көздеп отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығында жаңа заманауи техниканың тілін меңгере алмасаң, мол мүмкіндікті жіберіп алатынымыз анық. Демек, жаңа технологияны меңгермей, бүгінге дейін дәстүрлі егіншілікпен немесе мал шаруашылығымен айналысып келген фермерлер мен шаруа қожалықтары алдағы уақытта құлдыраудың жолында тұр. Өйткені қазіргі таңда егін егетін алқаптың топырағына талдау жасау үшін ғарыштық түсірілімдерге жүгіну қажет. Алқаптарды бақылауда ұстау үшін электрон карта қажет. Тағы сондай жаңашылдық толып жатыр. Міне, бұл үшін шаруа қожалықтары басшылары немесе мамандар міндетті түрде арнайы курстан өтуі тиіс. Меңгеру міндетті болмақ.
Бердібек Хабай
Дереккөз: Айқын