«Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы вакциналардың аутизм тудыратынын мойындады»

0
434
Сурет: torstensimon

Әлеуметтік желі қолданушылары АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы вакциналар мен аутизмнің арасындағы байланысты мойындады деген ақпаратты талқылауда. Мекеме бұл туралы сот шешімінің нәтижесінде айтуға мәжбүр болған екен. Бұл – фейк.


LiveJournal платформасын пайдаланушының айтуынша, Орталық терістейтін мақаланы сот шешімімен өзінің ресми сайтынан алып тастаған. Бұл ретте ол сайттан алынып тасталған, содан кейін вакциналар мен аутизмнің арасында байланыстың жоқ екендігі туралы өзгертілген мақаланың тек скриншоттарын ғана көрсетеді. Шын мәнінде, мақала өшірілмеген, оны Орталық сайтынан оңай табуға болады. Жарияланымда әлі де болса вакциналар аутизм тудырмайды деп нақты жазылып тұр. Бұл парақшадан осыны растайтын зерттеулерге сілтемелерді де таба аласыз.

Сонымен қатар, блогер өз мәлімдемесіне аутизм спектрінің бұзылуы бар қыз түсірілген видеоны тіркеген. Бұл видео 2018 жылы DailyMail сайтында жарияланған және вакцинацияға еш қатысы жоқ. Бейнежазбада қыздың ата-анасы мемлекеттен тиісті көмек ала алмай отырғаны жайлы айтылған.

Сондай-ақ, LiveJournal пайдаланушысы өз мәтінінде айтылып отырған сот шешіміне сілтеме жасамайтынын атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ, Ауруларды бақылау және алдын алу орталығын аутизм мен вакцинацияның байланысы барын мойындауға міндеттейтін қаулының қайда, қашан және қандай сот шығарғанын айтпайды.

Вакциналар мен аутизмнің байланысы туралы миф 1998 жылы доктор Эндрю Уэйкфилдтің британиялық The Lancet ғылыми журналында зерттеу нәтижелерін жариялағаннан кейін пайда болды. Кейіннен, дәрігер көрсеткен фактілер мен дереккөздерді тексеру жүргізілген соң мақала жалған деп танылды. Жарияланымда жіберілген көптеген қателер, жалған мәліметтер және зерттеу нәтижелерін бұрмалау жағдайлары анықталды. Қазіргі кезде журнал сайтында мақалаға RETRACTED белгісі (кері қайтарылған) қойылған.

Қорыта айтқанда, Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының вакциналардың аутизмнің дамуына әсерін мойындау туралы хабарлама жалған болып табылады. Орталықтың ресми сайтында осы теорияны жоққа шығаратын материал әлі де бар. Баспасөзде аталған сот шешімін растайтын ешқандай мәлімдемелер жоқ.

Дереккөзі: https://stopfake.kz/