Ауруханалардың 70%-ы толса ковидтың екінші толқыны басталған болады: вице-министр жауап берді

0
590

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов коронавирустың екінші толқыны қай кезде басталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз болжам жасағанда ауруханалардағы бос орындарды ескереміз. Негізі, төсек-орындардың 70 проценті толатын болса, сонда коронавирустың екіншісі кезеңі басталды деп санаймыз», – деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан. Бұл – пессимистік болжам. Бірақ эпидемиологиялық жағдай жақсарған.

Ал 7 желтоқсанда өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пессимистік болжам бойынша коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді деген.

Айта кетейік, соңғы бір тәуліктің ішінде Қазақстанда 733 адамда коронавирус ПТР-тест арқылы расталды. Атырау облысы, Алматы қаласы мен Павлодар өңірінде ең көп жағдай тіркелген.

Жалпы, пандемия басталғалы бері 152 460 адам COVID-19 жұқтырған. Басым бөлігі жазылып шықты. Осы індеттен 2 259 науқас қайтыс болды.

Ал ковидтік пневмониядан, яғни, ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың анық белгілері бар аурудан 490 адам көз жұмды.