«Ауруханада орын аз қалды»: елорданың бас дәрігері қазіргі жағдай туралы айтты
Бүгінгі таңда жұқпалы және уақытша ауруханаларда жатқандардың саны 1 711 адамға жетті. Бұл барлық орынның 90 процентін құрайды
Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова аурхана орындарының аз қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, елорданың эпидемиологиялық жағдайы нашарлады. Осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 951 адам тіркелді. Науқастардың саны күн сайын артып келеді.
Дәрігерлер мен медбикелерге және коронавирус инфекциясымен жұмыс істейін басқа да қызметкерлерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Оның үстіне дәрігерлер үш айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Соңғы үш күнде күн сайын орта есеппен 150-ден астам жағдай тіркеледі. Олардың 50 проценті – індеттің ауру белгілері жоқ түрімен сырқаттанған адамдар», – деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бір тәуліктің ішінде жедел жәрдем шақыру көрсеткіші 3 700-ге жетті. Коронавирус инфекциясына байланысты қоңыраулар да 8 есеге өсті.
«Бүгін таңертең жұқпалы және уақытша ауруханаларда жатқандардың саны 1 711 адамға жетті. Бұл барлық орынның 90 процентін құрайды. Соның ішінде 80 науқас реанимациялық бөлімде жатыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандардың саны төрт есеге артты. Олардың 91 проценті – орта ауыр, ал 9 проценті ауыр және өте ауыр жағдайда жатыр», – деп атап көрсетті Қисықова.