АУҒАНСТАНҒА БІРГЕ ЖӘРДЕМДЕСПЕК | «Айқын» газеті
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі аймақтық директоры Лилия Бурунчукты қабылдады. Кездесу барысында ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары талқыланды.
Д.Назарбаева Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдағаны үшін халықаралық қаржылық ұйымына алғысын білдірді. Дүниежүзілік банк біздің елімізбен ынтымақтасу жылдарында 8 миллиард доллардан асатын 40-тан астам жобаны қаржыландыру үшін қарыз берген.
Өз кезегінде Л.Бурунчук Дүниежүзілік банк 2017 жылы Қазақстанмен арада қол жеткен уағдаластықтарды саралауға және ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға бағытталған, елімізге арналған жүйелі талдау жүргізгендері туралы хабардар етті. Қазіргі кезде Қазақстан мен ДБ арасындағы 2019-2023 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясы әзірленуде. Мәртебелі мейман сондай-ақ өзекті мәселелерді атап өтіп, бірқатар ұсыныстарын жария етті. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, экономикадағы мемлекет үлесін қысқарту, мемлекеттік субсидия берудің тиімділігін арттыру жайы қозғалды.
Ынтымақтастықтың басымдықтары ретінде Дариға Назарбаева мемлекеттік басқарудың тиімділігін жоғарылату, экономиканы цифрландыру, бюджет заңнамасын жетілдіру жайына жеке тоқталды. Сенатор Дүниежүзілік банкке индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды. Экономиканы әртараптандыру баяу жүруде. Еліміз әлі де шикізат ресурстарын экспорттауға тәуелді болып отыр.
«Біздің экономиканы дамытуға сапалы серпін беруге кедергі болып отырған өзекті мәселелерді анықтау үшін бейтарап көзқарас пен кәсіби түрдегі терең талдау қажет», – деді сенатор.
Сенат комитетінің төрағасы биылғы қыркүйекте Астанада өткен Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі аймақтық конференция өткізудегі Дүниежүзілік банктің үлесін атап өтті. Қазақстан азаматтық мамандықтарды оқыту үшін ауғандық жастарға 50 миллион доллар қосымша грант бөлген болатын. Ауғанстанға әйел дәрігер даярлауға ерекше назар аудару керек. Д.Назарбаева Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық дамуға инвестиция салуға арналған ынтымақтастық пен келісімдерді жалғастыру керек деп санайды.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын