Ауғанстанда жанкешті жасаған жарылыстан жүздеген адам зардап шекті

0

Ауғанстан астанасы Кабулда көлікке қойылған бомба жарылып, кем дегенде 18 адам мерт болды. 145 адам жараланды. Бұл туралы ел үкіметі хабарлады. Шабуылды «Талибан» қозғалысы өз мойнына алып, жарылысты жанкешті жасағанын айтты. Тәліптердің мәлімдеуінше, әскери мекеме шабуылдың негізгі нысаны болған.

«Біраз әскерилер мен полицейлер өлді немесе жараланды» деп мәлімдеді тәліптер 7 тамызда.

7 тамыз таңертең Кабулдың батыс бөлігіндегі полиция бөлімшесіне де шабуыл жасалды. Бұл оқиғадан қаза тапқандар жайлы әзірге ақпарат жоқ. Елдің денсаулық сақтау министрлігі 34 адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насрат Рахимидің сөзінше, полиция бөлімшесінің кіреберісіне тоқтаған көлік жарылған. Куәгерлер жарылыстан кейін мылтық атылғанын айтады.

Бұл шабуылдар АҚШ пен «Талибан» арасындағы бейбіт келіссөз жүріп жатқан тұста болды.

Azattyq