Ауғанстан президенті ұзақ үнсіздіктен кейін халыққа үндеу жолдады

0

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани халыққа үндеу тастады. Ол елде тағы да қантөгісті болдыртпауға уәде берді, — деп хабарлайды TOLOnews телеарнасы . 

Ашраф Ғани Ауғанстан әскерінің елді қорғауда көрсеткен ерлігі үшін алғысын білдіріп, соғыстың халыққа қирау мен өлім әкелуіне жол бермейтінін айтты.

«Қазіргі жағдайда қауіпсіздік пен қорғаныс күштерін жұмылдыру — біздің бірінші кезектегі міндетіміз және бұл үшін қажетті шаралар қолданылуда, білемін, сіз өзіңіздің бүгініңіз бен болашағыңыз үшін алаңдайсыз, бірақ мен сізге Президент ретінде сенемін. Бұл үшін мен үкімет ішінде, саяси көшбасшылармен және халықаралық серіктестермен консультациялар бастадым, жақын арада нәтижелерін халықпен бөлісетін боламын»,- деді Ауғанстан президенті.

Aljazeera атап өткендей, бұл үндеуге дейін Ашраф Гани мен оның үкіметі Талибан Ауғанстан провинцияларын басып алып жатқан кезде үнсіз отырған болатын. Ғанидің мәлімдемесі Хамид Карзай халықаралық әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Кабулға АҚШ-тың 3000 әскері келген күні жасалды.

Соңғы мәліметтер бойынша, «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары Ауғанстан провинцияларының 34 әкімшілік орталығының 21-ін бақылауға алды. Сарапшылардың пікірінше, Ауғанстан президенті енді жағдайды бақылай алмайды. Талибан Кабулға жақындады. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Ашраф Ғани елден кетуі мүмкін. 

Норвегия мен Дания Ауғанстандағы елшіліктерін жабатынын жариялаған күннің алдында Германия дипломатиялық миссия қызметкерлерінің санын қысқартты.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елші Әлімхан Есенгелдиев бастаған Ауғанстандағы қазақстандық дипломатиялық миссия Кабулда жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Қазақстан елшілігінде аз ғана қызметкер қалды, бірнеше қызметкер қауіпсіздік мақсатында елге қайтып келді, деп хабарлады Хабар 24 .