Ауғанстан билігі Қандағар қаласының тәліптер қолына өткенін растады

0
508

Ауғанстан билігі халқының саны бойынша өлкедегі екінші қала болып есептелетін Қандағар тәліптердің бақылауына өткенін растады.

Осыған дейін ауған тәліптері елдегі екінші ірі қала Қандағарды басып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Twitter-де қозғалыстың баспасөз хатшысы хабарлады.

«Қандағарды толық жаулап алдық» деп жазған ол.

Бұған дейін далалық жерде және қала ішінде шайқас жүріп жатқаны хабарланған. Қандағар әуежайы жұмысын тоқтатты.

12 тамызда Азаттықтың Ауған редакциясы «Талибан» тобы бір аптадан аз уақыт ішінде Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы аймақ орталығы Ғазни қаласын басып алғанын айтқан. Елдің ішкі істер министрлігі қаланың көп бөлігі тәліптердің бақылауында қалғанын, бірақ ұрыс жалғасып жатқанын ескертті.

Ғазни Кабулдан оңтүстік-батысқа қарай 150 километр жерде орналасқан. Қала үлкен стратегиялық маңызға ие, өйткені ол астананы оңтүстіктегі содырлардың бекіністерімен байланыстыратын Кабул—Қандағар тас жолының бойында орналасқан. Пентагон бұған дейін Ауғанстан астанасын тәліптер бір-үш ай ішінде басып алуы мүмкін деп болжаған. Әскери мекемедегі дереккөзге сүйенген Washington Post басылымы осындай хабар таратты.