Ауған соғысы ардагерлері бас қосты

0
157

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Қазақстанның интернационалист-жауынгерлері ардагерлік ұйымдарының Орталық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен республикалық және өңірлік ардагерлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырыс күн тәртібіне еліміздегі Ауған соғысы ардагерлеріне және ардагерлік ұйымдарға қатысты бірқатар өзекті әрі маңызды мәселелер шығарылды.
Жиын салтанатты марапаттау рәсі­мімен басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес және Елбасы атынан Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, QAZAQSTAN ARDAGERLERI қауымдас­тығының төрағасы Бақытбек Смағұл Ауған соғысының үш ардагеріне «Құрмет» орденін табыс етті. Олар «Ауғанстан арда­герлері кеңесі» төрағасының орынбасары Бейсенғали Арыстамбеков (Алматы облысы Қарасай ауданы), «Боевое братство» филиалының төрағасы Бауыржан Мұхамедиев (Қарағанды облысы Балқаш қаласы) және «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлерінің одағы» төрағасының бірінші орынбасары Серік Оспанов (Астана қаласы).
Басқосу барысында QAZAQSTAN ARDAGERLERI қауымдастығының төрағасы Ауған соғысының ардагерлері Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған «Мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту» міндетін жүзеге асыруға атса­лысып, жас ұрпақ бойында туған жерге деген махаббат пен бабадан қалған ба­тырлық қасиетін дарытуға үлес қосатынын айтты. Ол сонымен қатар «Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің Шектеулі кон­тингентінің шығарылуының 30 жыл­дығына» орай арнайы медаль шығару туралы шешім қабылданғанын да тілге тиек етті. Мерейтойға арналған медальмен қатары 18 мыңнан асатын барлық Ауған соғысының ардагерлері марапатталмақ.
– Бүгінде Ауған соғысының арда­герлері Елбасының биылғы 5 қазандағы Жолдауында айтылған «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мек­тептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту міндетін орындауға белсенді қатысуда. Әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде осы жылдар ішінде әрқайсымыз өз саламызда, өз өңірімізде біраз нақты іс тындырдық, мол тәжірибе қордаладық. Біз атқаратын жұмыс әлі көп. Енді бұл жұмысты бірлесе әрі үйлесімді негізде жүргізуге тиіспіз, – дейді Бақытбек Смағұлұлы.
Айта кету керек, Елбасы белгілеген ұлы мұраттар жолында жұмылу үшін Ауған соғысы ардагерлерінің бұған дейін әрқайсысы өз бетінше қимылдап келген республикалық және өңірлік ұйымдары енді ауызбіршілік танытып, ары қарай үйлесімді іс-қимыл жасауға шешім қа­былдаған болатын. Осыған орай QAZAQSTAN ARDAGERLERI қауымдастығы өткізген еліміздегі Ауған соғысы арда­герлері ұйымдарының кезектен тыс кон­ференциясында барлық ұйым бас­шылары «Қазақстанның интерна­ционалист-жауын­герлерінің ардагерлік ұйымдарының Орталық Кеңесін құру» туралы шешім қабылдады.
Аталған кеңес өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухқа тәрбиелеу, Ауған соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдау, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі ұсынған, мүдделі мемлекеттік орган­дардың бірлескен бұйрығымен бекітілген «Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің Шектеулі контингентінің шығарылуының 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу жөніндегі негізгі жоспар» бойынша ары қарайғы жұмыстар мен іс-қимылдарды үйлестіретін болады. Бұл жұмысқа басшылық ету QAZAQSTAN ARDAGER­LERI қауымдастығына жүктелді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Дереккөз: Айқын