Әуезов театры Түркияға гастрольдік сапармен барып қайтты — Өнер

0

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркияға гастрольдік сапармен барып қайтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Театрдағылардың айтуынша, Түркияда Мәдениет және спорт министрлігінің және театр әкімшілігінің қолдауымен жалпы түркі әлеміне ортақ абыз атасы, қобыз атасы Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымы қойылып, үлкен қошеметке бөленген.

Осы ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың актері Бекжан Тұрыс М.Әуезов театрының бұл сапарда екі елдің, жалпы түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықаралық фестивальде қазақ театрын әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алғанын айтады.

«Елбасымыз, жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет жобасын іске асыруды өзінің халыққа үндеуінде міндеттеген болатын. Жалпы, мәдениетіміздің озық түрлерін әлемдік деңгейге көтерілуі, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейде қызмет ету біздің театр үшін де, ұлт үшін де өте маңызды. Мәдениет ұлттың ар-намысы, жүрегі, болмысы болғандықтан, бір жылдың ішінде біздің театр халықаралық екі-үш сапарларға шығып өнер көрсетті.

Міне, түбіміз бір Түрік елінің оңтүстігінде орналасқан Адана қаласында өнерімізді көрсетіп үлкен бір қошеметке бөленіп қайттық. Жалпы екі елдің, түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайту барысында осы шараға біздің театр әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алды дей ойлаймын!», — дейді Бекжан Тұрыс.

Театрдың баспасөз қызметінің мәліметінше, қойылымда басты роль Қорқытты сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда қойылым аяқталған соң жиналған барлық түрік бауырлардың және Адана сахнасында қойылымды тамашалаған көрермендердің алдында қазақ халқы ең алғаш егемендігін алған кезде, ең бірінші егемендігін танып, алғаш рет қолдау көрсеткен түркі халқы екенін, оны ешқашанда қазақ халқы ұмытпайтынын айтқан.

Сондай-ақ, Дулыға Ақмолда қазақ пен Түрік мемлекетінің арасындағы достық, мәдени байланыстық содан бері өзінің жалғасын тауып келе жатқанын, Әкемтеатр ұжымы Түркия елінде осыменен төртінші рет гастрольдік сапармен келіп жатқанын және осындай үлкен мүмкіншілік туғызған екі елдің елшіліктеріне, мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.

Бұдан бөлек, театрдағылар сапар барысында түбі бір түркі халықтарын жақындату мақсатында Адана қаласында театр фестивалінен бөлек, кинофестивальдердің де ұйымдастырылатынын білген. 

Театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай жалпы түркі әлеміне ортақ Қорқыт туралы қойылым мен актерлардың шеберлігіне түрік ағайындардың ықыласынан өте жоғары баға бергендерін байқағанын және қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екенін дәлелдегенін айтады.

«Осының алдында Франция еліне барып келдік. Бірақ елден сыртқа шыққан кезде міндетті түрде театр ұжымының алдында үлкен жауапкершілік болады. Себебі мұндай халықаралық фестивальдерге келгеннен кейін, жүректе бір серпілістер болады. Спектакль бөтен жерде қалай өтеді екен деп ойлайсың. Құдайға шүкір қойылымды сәтті қойдық.

Қол шапалақтағандарынан, жылы лебіздерінен, қойылымды тамашалаған адамдардың жүздеріндегі көтеріңкі көңіл күйлерінен шындығында да қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екен деген ой түйгіздік деп ойлаймын. Бұрыннан дүние жүзін таң қалдырып келе жатқан қазақ театры, сол қалпынан айырыла қойған жоқ екенін дәлелдедік. Театрдың әртістері бар күштерін салды. Сыншылар, театр директорлары, лебіз білдіргендердің барлығы нағыз театрды көрдік деп айтып жатты. Елімізге үлкен мақтанышпен қайттық», — дейді Бауыржан Қаптағай.

Театрдағылар өз кезегінде сапар барысында М.Әуезов театрының бауырлас түркі халықтарының рухани құндылықтарын, мәдени байланысын одан әрі өрістетіп, мәдени-рухани тәжірибе алмасуды жалғастыруда түркі әлеміне ортақ абыз, қобыз атасы Қорқыт туралы қойылым арқылы лайықты үлес қосып қайтқанын айтып өтті.