Әуезов атындағы ОҚМУ университеті ауқымды жобаны қолға алды
Университет әлемнің 80 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан — Қожамжарова.
Еліміздегі іргелі білім ұясы, отандық жоғары оқу орындары арасында үнемі үздік үштіктің қатарына көрініп келе жатқан М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Орта Азия елдерінде филиалдарын ашып, өңірлік жоғары білім берудің хабына айналуды көздеп отыр. Бұл туралы Zakon.kz университеттің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу орнының алғашқы филиалы жаңа оқу жылынан бастап Өзбекстанда жұмысын бастамақ. Сондай-ақ екі өкілдік Ақтөбе мен Қарағанды қалаларында ашылады деп күтілуде.
Бұл – университет ректоры, академик Дария Қожамжарова бастаған делегацияның Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына жасаған арнайы іс-сапар нәтижесінде белгілі болды. Сапар аясында қазақстандық делегация өкілдері Өзбекстан Республикасының Жоғары және орта арнаулы білім министрі Ином Маджидов және Өзбекстан ұлттық университетінің ректоры Аваз Марахимовпен кездесті.
Кездесуде Дария Пернешқызы білім ордасы турасында сөз қозғап, тараптар өзара қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған іс-шараларды дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екіжақты кездесу барысында М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Өзбекстанда филиалын ашу жайы кеңінен әңгімеленді.
– Университет әлемнің 80 жоғары оқу орнымен, мекемелер мен ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Белгия, Аустрия, Франция, Үндістан, Испания, Венгрия, Польша, Чехия, Норвегия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия, Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан мен Қырғызстанның іргелі оқу орындары бар. Мысалы, бүгінде Әуезов университеті Өзбекстанның 15 жоғары оқу орнымен әріптестік аясында жұмыс істеуде, – деді Д. Қожамжарова.
Өз кезегінде өзбекстандық әріптестер екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстың арта түсетіндігіне сенім білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін жеткізді.
ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарованың айтуынша, қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында алғаш рет жүзеге асырылып отырған бұл бастама – 75 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың басты стратегиялық бағдары.
–Біз ғылыми-инновацияның ғасырында өмір сүріп отырмыз. Бүгінде түрлі деңгейдегі оқу бағдарламалары бар. Оның барлығын жасайтын оқытушы-профессор құрамы. Менің стратегиялық жоспарым – ОҚМУ-дің Орталық Азияда филиалын ашу. «ХХІ ғасырда білім мен ғылымын дамыта алмаған ел тығырыққа тіреледі» деген қағиданы басты ұстанымы еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында техникалық жəне кəсіптік білім жүйесін барынша дамыту керектігіне жете мəн беріп келеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасын нақты іске асыруға Әуезов университетінің толықтай мүмкіндігі бар, – деп атап өтті университет ректоры.
Оқу орнының басшысы университеттегі білім сапасын жақсарта түсу, материалдық-техникалық-базаны нығайту бағытында бірқатар ауқымды жоспар жасап отырғанын айтады. Бастық мақсат – ОҚМУ-ды Оксфорд, Кембридж сынды әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орны деңгейіне көтеру.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz