Әуежай сатылды, қуаңшылық болды: 2021 несімен есте қалды?

0

2021 жеңіл жыл болған жоқ. Елде болған қуаңшылық, қойманың жарылғаны және ұшақ апатының болғаны есіңізде шығар. kznews.kz сайтының тілшісі биыл елімізде және әлемде болған шулы оқиғалардың тізімін жасады.

Қуаңшылық болып, мал қырылды

Маусымда Маңғыстау облысында су мен жем-шөптің жетіспеуінен ірі қара мал жаппай қырылды. Кейін қуаңшылық Қызылорда облысына да жетіп, ол жерде де мал қырыла бастады. Президенттің бұйрығымен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кетіп, оның орнына Ербол Қарашөкеев келді. Содан кейін зардап шеккен жандарға көмек ретінде еліміздің барлық өңірлерінен жем-шөп тиелген вагондар жіберіле бастады.

Айта кетйік, облыстағы аштықтан қырылған 1 163 мал арнайы биометриялық шұңқырға көмілді.

Алматы әуежайы сатылды

Алматы әуежайы Түркияның TAV Aiports холдингі сатып алды. Аталмыш компания әуежай акцияларының 85 пайызына иелік етеді. Ал қалған акциялар мемлекеттік Қазақстан инфрақұрылым қорында қалды.

Әскери қойма жарылды

26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыс салдарына 17 адам мерт болып, 98 адам зардап шеккен болатын.

Бұл оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетіп, орнына орынбасары Мұрат Бектанов келді. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоймадағы жарылыста қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапат табыстады.

Алматы маңында ұшақ апатқа ұшырады

13 наурыз күні Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған төрт кісі қаза болып, екеуі ауруханаға жеткізілді.

Осы ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев, капитан Досжан Баймұратов пен аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев және сержант Евгений Васильков мерт болды.

Халық санағы өтті

Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы өтті. Үкімет басшысы Асқар Маминнің мәліметі бойынша, қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Олардың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы әйелдер.

Қазақстан халқының орта жасы – 31,94 жас. Ал елдегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен кетті

Бір жарым жыл еліміздің денсаулық саласын басқарған Алексей Цой қызметінен кетті. Мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді.

«Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты», –  деп жазды Цой.

Елімізде болған шулы оқиғалар – осы. Енді биыл әлемде болған есте қаларлық оқиғаларға тоқталсақ. Иә, әлемде не болды?

Токио олимпиадасы өтті

XXXII Олимпиада ойындары — Жапонияның Токио қаласында 2021 жылдың 23 шілде мен 8 тамыз күндері аралығанда өткізілді. Олимпиада әу баста 2020 жылы жазда өткізілетін болған. Алайда әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясының кесірінен 2020 жылы өткізілген жоқ. Ашылу салтанатына тек 950 VIP-көрермен ғана кіргізілді.

Ойындарға 206 елден 12500 спортшы қатысып, 339 түрлі медальды сарапқа салды. АҚШ 113 медальмен көш бастаса(39 алтын, 41 күміс, 33 қола), Қытай 88 медальмен екінші орынға жайғасты (38 алтын, 32 күміс, 18 қола). Ал Жапония   58 медальмен үшінші орынды қанағат тұтты (27 алтын, 14 күміс, 17 қола).

Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына 94 атлет (63 ер мен 31 әйел) 20 спорт түрінен қатысқан. Ел қоржынына 8 қола медаль түсті. Дзюдодан Елдос Сметов, Ауыр атлетика бойынша Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, еркін күрес бойынша Нұрислам Санаев, каратэден Дархан Асаділов пен Софья Берульцева қанжығасын майлады.

Футболдан Еуропа чемпионаты

Спорттық шара бір жыл бұрын өтуі керек еді. Алайда коронавирустық пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. УЕФА шешімі бойынша атауы ЕУРО-2020 күйінде қалды.

Финалдық турнир 12 мемлекеттегі 12 қалада өтті. Турнирге 24 құрама қатысты. Олар алты топқа бөлініп, әр топтан 1-2 орын алғандар және көрсеткіші жоғары үшінші орын алған төрт құрама 1/8 финалға жолдама алды.

Италия мен Англия командалары арасында өткен финалда Италия құрамасы оза шауып, пенальти есебімен (3:2) жеңіске жетті.

Ауғанстан үкіметінің ауысуы

АҚШ 2021 жылдың мамырында Ауғанстаннан әскерін шығаратынын жариялады. Осыдан кейін Талибан ауған күштеріне қарсы шабуылға шықты. Тамыз айының ортасына қарай елдің басым бөлігі ұйымның бақылауында болды. Ал содырлар 16 тамызда Кабулға кіріп, президент сарайын басып алды. Ауғанстан президенті Ашраф Гани отставкаға кетіп, елден кетті. Дәл сол кезде Талибан соғыстың аяқталғанын жариялады. Жаңа билік Ислам әмірлігін құруға тырысып жатыр.

Талибан билікке келгеннен кейін елде дүрбелең басталды. Кабул әуежайында тәртіпсіздік орнап, адамдар қандай да бір жолмен елден кету үшін ұшып бара жатқан ұшаққа жабысып жатты. Шекарада төбелес басталып, бірнеше адам қаза тапты. Мыңдаған адамдар Ауғанстаннан кету шараларын жасады және әлі де жасап жатыр. Көрші елдер – Пәкістан мен Тәжікстан шекараларын жауып тастады. Өйткені олар сонша босқынды қабылдай алмайды. Бір ғана Пәкістанда Талибан режимінен қашып кеткен 3,5 миллионнан астам ауған бар.

Дубайдағы Expo2020 көрмесі

1 қазанда Дубайда Таяу Шығыстағы бірінші Дүниежүзілік көрме басталды. Брендтік маркетингке байланысты ұйымдастырушылар «Expo-2020» атауын қалдыру туралы шешім қабылдады. Іс-шараға дайындық бұдан сегіз жыл бұрын басталған. БАӘ үкіметі оған жеті миллиард доллар жұмсады. Көрмеге 438 га шөл дала бөлініп, метро желісі ұзартылды.

Expo-2020 көрмесі 2022 жылдың 31 наурызына дейін өтеді.

(Мәліметтер ашық дереккөздерден алынды)