Әуе апатының 40%-ы ұшқыштардың қателігінен болады
Өткен жылы әуе апаттары салдарынан қаза болғандардың саны 2017 жылмен салыстырғанда едәуір артқан.
Бұл туралы Нидерландыда орналасқан Aviation Safety Network ұйымы («авиациялық қауіпсіздік желісі», ASN) хабарлады. Коммерциялық авиакомпаниялар тарихында 2017 жыл ең қауіпсіз саналады. ASN мәліметтері бойынша, 2018 жылы коммерциялық авиацияда 15 әуе апаты орын алған: 12 жолаушы және 3 жүк тасушы ұшақ қирап, 556 адам қаза тапты.
2018 жылғы ең ірі апаттар:
29 қазан. Индонезиядағы Lion Air авиакомпаниясының «Боинг-737 MAX» ұшағы Жакартадан Яван теңізіне жақындағанда апат орын алып, борттағы 189 адам қаза тапты. Комиссияның алдын ала қорытындысы бойынша, техникалық ақауы бар ұшақ әуеге көтерілмеуі тиіс болған.
18 мамыр. Cubana de Aviacion авиакомпаниясының «Боинг-737-201» ұшағы Гавана маңында апатқа ұшырап, салдарынан 112 адам қаза тапты. Апат себебі – адам факторы.
11 ақпан. Ан-148 «Саратов авиажелілері» аталатын Ан-148 экипаждың қателігінен Мәскеу түбінде қирады.
18 ақпан. Iran Aseman Airlines авиакомпаниясының ұшағы Иран тауларында, ал 12 наурызда Катманду әуежайына жақын жерде Bombardier Dash Q-400 ұшағы апатқа ұшырады.
ASN мәліметтері бойынша, авиациялық қауіпсіздік саласындағы жағдай соңғы уақытта айтарлықтай жақсарған. Ұйым Бас директоры Харро Рантер: «Бұрынғымен салыстырғанда әлемдік деігейде әуе қауіпсіздігі жақсарған. Бірақ, әлі де техника салдарынан ұшуға рұқсат берілмейтін ұшақтар жетерлік. Көп жағдайда ұшқыштардың қателігі салдарынан борттағы адамдар жапа шегеді. Сол үшін ұшқыштарды дайындау саласына және техникалық жағдай баса ескерілуі тиіс», – дейді.
Соңғы бес жылда 25 ірі апаттың кем дегенде 10-ы ұшқыштардың бақылау немесе басқаруды жоғалтуына байланысты болған. Ал қалған себептер табиғи жағдайлармен байланысты.