«Аудармашыны күтіп отырмаймын» — қазақшаға судай баспасөз хатшысы Кристина Новикова

0

2015 жылы еліміздегі қорғаныс департаменттерінде алғаш рет баспасөз хатшысы деген лауазым пайда болды. Бұған дейін әскердегі баспасөз қызметі сондағы қызметкерлердің мойнына қосымша жауапкершілік ретінде жүктеліп келген еді.

Кристина Новикова – Алматыдағы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы. Негізгі мамандығы – филолог, ағылшын тілінің маманы. Әскери шені – майор. Қорғаныс саласында жұмыс істеп келе жатқанына биыл 15 жылдан асты. Қызметін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубынан бастап, қорғаныс істері жөніндегі департаментке дейін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің әскери кафедрасында жұмыс істеді. 

Алғаш осы қызметке тағайындалғанда жұмысты неден бастарымды білмедім. Өйткені бұған дейін бұл сала нақты жүйеге қойылып, бір ізге түспеген еді. Қаладағы барлық әскери мекемеде болатын іс-шаралардың басы-қасында болып, жалғыз ұйымдастырып жүрдім. Кейін әскери жоғары оқу орындары мен мектептерде де баспасөз хатшылары жұмыс істей бастады. Бастапқыда ешқандай БАҚ-пен байланыс орната алмадық. Республикалық баспасөз, телеарна былай тұрсын жергілікті, қалалық газет-журналдармен байланысудың өзі мұң болды. Қазір жұмыстарымыз реттеліп, бір ізге түсті. Әскер саласын насихаттап, оны жазатын журналистер де көбейіп келеді, – дейді ол.

Кристина Новикова
Кристина Новикова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Баспасөз хатшысы – ұйымдастырушы. Ол өз мекеме немесе ұйымының жұмысын көпшілікке таныстырады, яғни ұсынуды жөн көретін ақпаратты баспасөз құралдарына таратады. Оның жариялануын қадағалайды. Тиісті адамдармен байланыс орнатады. Баспасөз хатшысы мекеме ұжымындағы барлық қызметкермен тіл табыса білуі қажет. Олармен тұрақты байланыс орнатып, жұмыстарын жүйелейтін, былайша айтқанда, басшылықтың жүгін жеңілдететін маман. Ол тікелей басшыға ғана бағынады. Кристина әскердегі баспасөз хатшысының жұмысы басқа мекемедегі мамандардан өзгеше деп есептейді.

Әскердегі баспасөз қызметі мүлде басқа. Өйткені ондағы мамандар демалыс дегеннің не екенін білмейді. Аптаның кез келген күнінде, кез келген уақытта журналистер іздеп, қандай да бір ақпарат үшін шұғыл байланыс орнатқысы келеді. Сондай кезде бірден баспасөз қызметіне байланысқа шығып, біздің көмегімізге жүгінеді. Алғашында мұндай жұмыс кестесіне үйреніп кету оңай болмады. Үйде, демалыста отбасыңмен, балаларыңмен жүргенде де жұмыс істеуге, біреумен байланысуға тура келіп жатады. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Тілшілер мен басқа да әскери адамдардың кез келген уақытта хабарласатынына үйреніп кеттім. Тіпті, телефоным кішкене тынышталып, ешкім қоңырау шалмаса, “қуаты бітіп, сөніп қалмады ма екен?” деп өзім таңғалатын да кездер болды, – дейді майор.

Жақында Астанада ҚР Қорғаныс министрлігінің қатысуымен Кристина басқарып отырған қызмет “Үздік баспасөз қызметі” деген номинация бойынша жүлде жеңіп алды.

Кристина Новикова
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Былтыр да осы номинация бойынша біздің департамент жүлде жеңіп алды. Біз биыл өз жұмысымыздағы жетістіктерді қайталап, осы атқа лайық екенімізді тағы бір дәлелдедік. Ал “Жоғары оқу орындары арасындағы үздік баспасөз қызметі” аталымы бойынша Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты үздік болды. Алматы – еліміз бойынша БАҚ өкілдері ең көп шоғырланған қала. Қорғаныс саласы бойынша да Алматы көш бастап тұр. Сонымен бірге министрдің қатысуымен “Әскер Медиа 2018” фестивалі аяқталып, журналистер де марапатталды. Фестивальдің негізгі мақсаты Қарулы Күштердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, БАҚ өкілдерінің Қазақстан әскері және қызметін насихаттап, жария ету еді, – дейді Кристина.

Кристина Новикова
Кристина Новикова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кристина құжаттағы аты-жөніне қарамастан өзін қазақпын деп санайды. Тіпті, көп нәрсені қазақша ойлайды. Бала күнінде Атырауда ата-әжесінің қолында өскен. Анасы, нағашылары – қазақ. Қазақ мектебіне барып, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген. Тіпті, домбыра тартуды да үйренген. Онымен бірге қобыз бен пианинода ойнауды меңгерген. Аспаптарға деген қызығушылығын оятқан марқұм әжесі екен.

Бала кезде әжем мені музыка мектебіне берді. Онда домбыра, қобыз сыныптарында оқыдым. Қазақтың дәстүрлі, халық әндерін тыңдаудан жалықпаймын. Сөздеріне аса мән беріп тыңдаймын. Тыңдап отырып, әннің мәтініндегі сөздердің мәні мен өзектілігі әлі де жоғалмағанын түсінемін. Күнделікті қалада жүргенде көлігімде Europa Plus емес, Shalqar арнасы қосылып тұрады, – дейді Кристина Новикова.

Кристина қазақ, орыс, ағылшын тіліндерінен бөлек, испан тілін де меңгерген. Өйткені Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығында екінші тіл ретінде испан тілін таңдаған.

Кристина Новикова
Кристина Новикова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бастапқыда қытай тілін таңдап, жарты жылдай сол тілдің сабақтарына қатысып жүрдім. Бірақ кейін испан тіліне ауысып кеттім. Өйткені өзіме Еуропа халықтарының тілдері жақын әрі оларды тез меңгеріп алатынымды байқадым. Ал күнделікті өмірде, жұмысымда қазақ және орыс тілдерін пайдаланамын. Кез келген бұйрық пен жеделхаттарды орыс тілінен қазақшаға аудару керек болғанда аудармашыны күтіп отырмаймын. Өзім аударып, жаза саламын. Бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ. Адамдармен де дәл солай. Аты-жөнімді алдын ала біліп, хабарласқан адамдар орысша %