«Аудан емес, бір облыс адамы жиналғандай болды»: Болат Назарбаевтың ұлына арнап берген көкпары туралы Шардара тұрғындары әсерлерімен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары
Жақында ғана елбасының туған бауыры Болат Назарбаев Түркістан облысы Шардара ауданында дүркіретіп дүбірлі көкпар берді. Ұлан-асыр тойға эстрада жұлдызыдары, әзілкештер мен айтыскер ақындар шақыртылып, құны миллиондаған сыйлықтар таратылған. Stan.kz тілшісі көкпарға қатысқан палуандар мен тамашалаған тұрғындардан көкпардың қалай өткені туралы сұрап білді.
Көкпарды тамашалған Шардара ауданынның тұрғынының айтуы бойынша көкпар өте жоғары деңгейде өткен.
«Адам мен аттың санында есеп жоқ. Бір аудан емес, бір облыс адамы жиналғандай болды. Киіз үйлер тігіліп, тамақтар тегін таратылып, астатөк жиын болды. Жұлдыздар да келді. Олардың ішінде Балғынбек пен Сара айтысты, Уәлибек пен Жүсіп өнер көрсетті, әншілерден Мақпал Жүнісіова мен Қайрат Нұртастың әнін тыңдадық. Басында халық кішкене жабайыланып, әдептен озды. Суға таласқан қойдай, тамақ таратылып жатқанда жетпей қалатындай ұмтылып еді, кейін сабасына түсіп, мәдениеттілік сақтады. Салымның ең төмені 300 000-нан басталып, 500 000-ға дейін жетті. Су жаңа 7 «Нива» маркілі көлігі болды. Бұдан бөлек жағдайы нашар, тұрмысы төмен 10 отбасына 1 миллион теңгелік жәрдемақы берді. Жалпы, халық риза», — дейді ұлан-асыр көкпардың ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болған тұрғын.
Көкпарды арнайы тамашалуға Алматыдан келген азамат дүбірлі доданың куәсі болуға Қазақстанмен қоса алыс-жақын шет елдерден — Қырғызстан, Өзбекстаннан келгендер болғанын айтады.
«Көкпар жақсы өтті. Бүкіл ауданның тойы болды. Мыңнан аса ат келді. Ақшалай жүлде қоры жалпы есептеген 15 000 000 теңге қаражатты құрады. Халық аман-есен тарқады. Елдің тойы болды. Көкпаршы жігіттер бұйырған салымдарын салды. Көзге түскен палуандар Ғалымжан мен Жомарт болды. Ақшалай және автокөлік ұтып алды», — дейді көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер.
https://www.youtube.com/watch?v=9d-0lJy4PC4
Осы көкпарда жас та болса, өз күші мен шапшаңдығын көрсете білген палуан Жомарт Кеңес дүбірлі доданың қызығымен бөлісті:
«Нағыз ер жігіттің күші сыналар көкпарға кішкентайымнан қызығамын.16 жасымнан бастап додаларға қатыса бастадым. Бұл — менің кәсібім емес, көкпарға деген құмарлықжәне қызығушылық. Осы жолғы көкпардың жөні бөлек болды. Алла абырой беріп, салым салу бақыты бұйырды. Мен 300 000 теңге иеленсем, ағам 2 көлікті қанжығасына байлады», — дейді жас палуан.
stan.kz