Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға баратын үш тасжол жабылды – Ел жаңалықтары

0
93

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанадан шығатын үш тасжолда автокөліктердің барлық түрі үшін жолдар жабылды, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты (қар аралас жаңбыр, екпінді жел, көктайғақ) 22 қарашада сағат 19:00-ден бастап, «Астана – Қарағанды», «Астана – Қабанбай батыр» және «Астана – Қорғалжын» тасжолдарындағы қозғалыс автокөлік түрлерінің барлығы үшін жабық», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әкімдік сайтында күшті боран және көктайғаққа байланысты қалааралық тасжолдардың жабылғаны да хабарланды.

«Ауа райының бұзылуына және жолдардың жабылуына байланысты келесі аймақтық бағдарлардың қозғалысы уақытша тоқтатылды: № 300, 301, 302, 305, 308, 309, 312, 313, 315, 316, 318», – деп мәлімдеді қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығында.

Бағдарлардың қатынауы қалпына келтірілгендігі жайлы ақпарат қосымша хабарланатын болады.

Еске салайық, 22 қарашада Астанада және 8 облыста жаңбыр жауып, жел күшейетіні хабарланды.

Синоптиктердің мәліметінше, ертең, 22 қарашада Астанада тұман, көктайғақ, ал 23-24 қарашада бұрқасын болады. 23-24 қарашада тәулік бойы оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.