Атышулы айыптаулар: 2022 жылы кімдер ұсталып, кімдер сотталды

0

Өтіп бара жатқан жылдың соңы журналист Михаил Козачковтың ұсталуымен есте қалғалы тұр. Оған қазір Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына көмектесті дегеннен бастап бірнеше айып тағылған. Жалпы биыл жалғыз ол емес, елге белгілі бірқатар шенеунік ұсталып, кейбіріне тіпті үкім де шығып қойған. Ulysmedia.kz порталы осы ретте 2022 жылы болған ең шулы істерді, елге белгілі кімдердің ұсталып, кімдердің сотталғанын оқырманның есіне түсіруді жөн көрді.

Қаңтардан кейінгі қамалғандар

Жалпы осы жылы ұсталып, түрмеге тоғытылғандар көп болды. Шенеуніктер, кәсіпкерлер мен белсенділер, әлбетте Қаңтар оқиғасына қатысты адамдар… Қаңтар оқиғаларынан кейін уақытша оқшаулағышқа аз уақыттың ішінде 8 мың адам тоғытылыпты. Арасында Азаттық радиосының Алматы бюросының басшысы Қасым Аманжол мен Russia Today тілшісі Станислав Обищенко да болған. Алайда оларды полиция бірден босатты. Ал белгілі қырғыз әншісі Викрам Рузахуновтың бұл тұрғыда жолы болмады. Қазақстан полициясы оны ұстағаннан кейін сабап, істемеген ісін мойындатуға тырысқан. Кейін ол өзін азаптаған полицияның 10 қызметкерін тап басып таныды.

Қараша айында Қазақстан президенті Қаңтар оқиғаларына қатысқан азаматтарға рақымшылық жасау жөнінде заңға қол қойды. Жүздеген адам қылмыстық қудалаудан құтылып, кейбірінің жазасы жеңілдеді. Алайда ауыр қылмыс жасағандар (тергеу нұсқасы бойынша), оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов бастаған бірқатар шенеунік темір тордан босай қойған жоқ. Мәсімовтың өзіне мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айып тағылған.

Мәсімовтың ісі аса құпия түрде тергелді. Онымен қоса орынбасарлары, ҰҚК-ның облыстардағы департаменттерінің бірнешеуі ұсталды. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Мәсімовтың ісі жөнінде таяуда журналистердің сұрағына жауап бере келе оны Иса пайғамбарды сатып кеткен «Иудаға» теңеді.

Жабайы Арман мен оның жігіттері

Дикий Арман атымен танымал Арман Жұмагелдинов Қаңтар оқиғаларынан кейін бірден ұсталды. Арманмен қатар оның тобындағы бірнеше жігіттің ұсталғаны туралы видео жыл басында ел ішінде кеңінен тарап кеткен еді. Жұмагелдиевке бұл күнде заңсыз қару сақтады, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Полиция ұстаған кезде олардан төрт бірдей жартылай автоматикалық пистолет, қару комплектісін, суық қару мен оқ өтпейтін автокөлікті тәркілеген. Желтоқсанда Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі тағы да 7 қаңтарға дейін ұзартылды.

Кәсіпкер, блогер әрі Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген сәуірде тұтқындалды. Оған да Қаңтар кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, соған қатысты деген айып тағылған. Прокуратура Қайрат Құдайберген Арман Жұмагелдиевпен бірге «Қазақстан» қонақ үйіне адамдарды жинағанын, билікке кейін талап қою үшін оның адамдарды Жабайы Арманның жанына топтасуға шақырғанын хабарлаған. Осы жақында сот Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімін тағы ұзартты (2023 жылдың 21 қаңтарына дейін). Оның адвокаты жалпыға жария еткен хатында Қайрат өзіне тағылған айыпты оқығанда қайран қалғанын, оның бәрі өтірік екенін, мемлекет төңкерісін жасау үшін адамдарды жинамағанын, тек көшедегі бұзақыларды тоқтатпақ болғанын жазған. Арман Жұмагелдиев те, Қайрат Құдайберген де президент жариялаған рақымшылыққа ілінбеді.

Отбасының адамдары

Белгілі кәсіпкер әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды наурызда ұсталды. Әуелі таратқан баспасөз хабарламаларында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның «Қазақтелеком» компаниясында жүрген кезінде лауазымын пайдаланып, ірі көлемде қаражат жымқырды деген айып тағылғанын жазған. Антикор кейін тергеу барысында Қайрат Сатыбалды заңсыз иеленген 240 млрд теңгені қайтарғаны туралы хабарлама таратты. Тергеушілер экс-президенттің туысы Қайрат Сатыбалдының салықтан, кеден төлемдерінен жалтару, қылмыс жолымен тапқан табысты заңдастыруға қатысты басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексерген. Ақырында, сот Қайрат Сатыбалдыны мүлкін тәркілей отырып, алты жылға соттады. 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда еңбек ету құқығынан айырды. Қайрат Сатыбалды келтірген шығынды ішінара жауып, кінәсін мойындады, тіпті «өкінетінін» де айтқан.

Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол бірнеше кәсіпорынның активін заңсыз иемденді, адам ұрлады, оны еркінен тыс бас бостандығынан айырды деген күдікке ілінген. Айтпақшы, тергеу барысында Гүлмира Сатыбалды да мемлекетке келтірген шығынды толық өтеді.

Елбасының тағы бір туысы – «Қайрат» футбол клубының жетекшісі, кәсіпкер әрі Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев көктемде квазимемлекеттік секторда ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталды. Қарашаның соңында оған қатысты тергеудің аяқталғаны белгілі болды. Алайда оны қамау мерзімі тағы да екі айға ұзартылды. Тергеу жүріп жатқан кезде Алматыдағы автотұрақтарды бақылайтын Боранбаевтың компаниясы муниципиалды меншікке беріліп, Боранбаев ие болған McDonald’s франшизасы Қазақстанда уақытша жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, «Қайрат» футбол клубы алдағы уақытта әкімдіктің иелігіне өтетіні туралы да ақпарат тарады.

Басынан дау арылмаған «РОП»

Қаңтар оқиғаларынан кейін тұңғыш президенттің қызымен байланысты деген компанияның басына қара бұлт үйірілді. «Оператор РОП-тың» басынан оның алдында да дау арылмайтын. Утилизация алымына жауапты компания тіпті Қаңтар оқиғаларынан кейін Тоқаевтың назарын аударды.

Тоқаевтың аузынан шыққан сөзден кейін жаңалықтар легі бірінен кейін шығып жатты. Әуелі «Оператор РОП» басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің өз-өзіне қол салды. Артынша жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды. Кейін уақытша оқшаулағышқа бұрынғы бас директор Светлана Коротенко да кетті. Антикор аталған компанияның 2016-2021 жылдар аралығында 20 млрд теңгесі жымқырылғанын хабарлады.

Мәдениет жағында

Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мамырда қамалды. Оған халықаралық көрмелерді ұйымдастыру үшін бөлінген 140 млн теңгенің талан-таражын салды деген айып тағылған. Атап айтқанда, бұл жердегі әңгіме «Алтын адамның бүкіл әлемнің музейлеріндегі шеруі» туралы болып отыр. Әзірге үкім шыққан жоқ. Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі 2014-2019 жылдар аралығында Қазақстанның мәдениет жән спорт министрі болған.

Ұзақ созылған іс

Осы жылдың қазан айында екі жылға созылған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке үкім шықты. Олар 2020 жылдан  бастап үйқамақта болған. Біртановтың медицина мекемелеріне арналған ақпараттық жүйені іске қосуда сот лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен бес жылға бас бостандығын шектеді. Ал Әбішев төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Сот сонымен қатар Біртанов пен Әбішевке 1 350 млрд теңгені мойынға іліп берді. Біртанов қазір сот үкіміне шағып білдіріп жатыр.

Танымал кәсіпкер, Parmigiano Group мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Алмас Әбдіғаппаров 2021 жылы ұсталды. Сот бір жылдан кейін үкім шығарды. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Әбдіғаппаров «Есентай сити» тұрғын үй кешенін салған «AV-Construction» компаниясы директорының орынбасары бола тұра, бұл ақшаны компания басшылығына аударудың орнына 1 миллион долларды жымқырған. Әбдіғаппаров кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға жалпы режимдегі колонияда өтеу жазасына кесілді. Енді Әбдіғаппаровтың туыстары оған қарсы іс ойдан шығарылғанын, рейдерлердің басып алуының салдарынан бизнесінен айырылғанын алға тартып отыр. Айтпақшы, сотталушының әйелі бұған ұсталған Михаил Козачковтың да осв іске қатысы барын айтады.

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 2021 жылы желтоқсанда ұсталған болатын. Ол Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу бойынша 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Хаменова мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, «Құрмет» орденінен айырылды. Еске салайық, Бақытгүл Хаменова 2016 жылы билік партиясының съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атына айтқан мақтауымен танымал. Содан көп ұзамай Хаменова депутат болып, Атыраудағы сол кезде өзі атқарған колледж директоры қызметінен кетті. Хаменова сотта өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ, тіпті өзінің кінәсіздігін дәлелдейтінін мәлімдеді. Айтпақшы, ол түрмедегі жазасын кенже баласы 14 жасқа толғаннан кейін ғана өтейді. Хаменовамен қатар, іс бойынша Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев те өткен. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Жер байлығын сатқандар ма

Қарашада бұрынғы индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Тимур Тоқтабаев ұсталды. Ол лауазымын асыра пайдаланды, атап айтқанда, пайдалы қазбалары бар кен орындарын заңсыз алып берді деген күдікке ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, кен орындарын сату бойынша әділ аукционның жоқтығынан мемлекетке ондаған млрд теңге залал келтірілген. Тоқтабаевтың өзі қамауға алынып, қымбат мүлкі тәркіленді. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Саяси астары бар

Қазақстанның саяси белсендісі Ермек Нарымбай осы жылдың ақпанында Киевтен оралған бойда әуежайда ұсталды. Сонау 2015 жылы Ермек Нарымбай Серікжан Мәмбетәлинмен бірге «ұлттық алауыздықты қоздырды» деген айыппен үш және екі жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Мәмбетәлин осыдан кейін көп өтпей босап шықты. Ал Нарымбайдың жазасын аппеляция соты бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Соған қарамастан Ермек Нарымбай Украинаға кетіп қалды. Қаңтар оқиғаларынан кейін Ермек «билікпен диалог орнататын парламентарий» ретінде қайтатынын мәлімдеген. Алайда ұсталып, бұрынғы жазасын өтеп жатыр. Құқық қорғаушы заңгерлер оны саяси тұтқын деп мойындады.

Тағы бір белсенді, Қазақстандағы тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай да осы жылдың ақпанында Қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандарды еске алу акциясынан кейін бірден тұтқындалды. Содан бері ол 8 ай қамауда болды. Қараша айында ғана сот оған жалған ақпарат таратты, билік өкіліне тіл тигізді, бейбіт жиынды заңсыз ұйымдастырды деген айып тағылып отырғаны белгілі болды. Сотта Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейтінін айтып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтінін мәлімдеді. Қазір ол үйқамақта. Әйтсе де, алда үлкен сот ісі күтіп тұр. Халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдар Жанболат Мамайдың саяси себептермен қудаланғанын айтып, толық ақталуын талап етеді.

«Өте үрейлі» істер

Белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 2022 жылдың сәуірінде қамалды. Олар әйгілі Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісі бойынша күдікті. Вайнерлерді қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Қазір қорғаушы тарап іс материалдарымен танысып жатыр.

Тағы бір блогер Әзімжан Саидбаев күдікті болғанымен, халықаралық іздеуде жүр. Еске сала кетейік, былтыр Mudarabah Capital компаниясының басшысы қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Ал күдікті үш вайнер сол пирамиданы жарнамалаған. Ұсталмай тұрып, Төребаев күдікті емес, жәбірленуші екенін мәлімдеген. Осы істің ізінше Астанадағы ІІМ ғимаратының алдында алданған әйелдердің бірі өзін-өзі өртеп жіберген кезде оқиғаға қатысты шу тіптен үдей түсті. Өртенген әйел қаржы пирамидасына 20 млн теңге аударғаны анықталды.

Ал журналист Махамбет Әбжанның қолына кісен шілдеде салынды. Антикордың нұсқасы бойынша, ол 50 млн теңге алғалы тұрған жерінде ұсталған-мыс. Қарашада Махамбет Әбжанды қамау мерзімі тағы ұзартылды. Алайда тергеудің бұл күнде аяқталғаны айтылады. Әбжанның өзі кінәлі емес екенін, мұның бәрі провокация екенін айтқан. Айта кетерлігі, Махамбет Әбжан бұған дейін де сотты болған.