Атыраулық жігіттің денесі 2 айдан кейін шаруа қожалығының контейнерінен табылды

0

Ақпан айында із-түзсіз жоғалып кеткен атыраулық жігіттің денесі табылды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Атырау қаласына орналасқан Қайыршақты ауылының тұрғыны Наурыз Әйтекешев 5 ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ал, 6 ақпанда кештен бастап полиция мен құтқарушылар 30 жастағы жігітті іздеуге кірісті. Алайда осы кезге дейін оның еш дерегі шықпаған еді.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі айдан астам іздеуде болған жігіттің денесі өткен сенбіде, 17 сәуірде сағат 13:00 шамасында табылған.

«Жоғалған жігіттің денесі «Атырау-Индер» бағытындағы жол бойында, Талқайраң елді мекені аумағында орналасқан шаруа қожалығының контейнерінен табылды. Мүрдені қарау кезінде дене жарақаты байқалмады. Мүрде сараптамаға тапсырылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.