Атыраулық шенеуніктер демеушілер ұсынған көмекті қоймада жасырып келген
Атырау облысының прокуратурасы аймақтық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын мәлімдеді.
25 маусымда Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасына «АТМА — Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ — тан демеушілік көмек ретінде медициналық жеке қорғаныш құралдары берілді. Оның ішінде: қорғаныш көзілдірігі – 1500 дана, қолғап ‒ 6000 дана, бір реттік медициналық маскалар – 7000 дана, бір реттік комбинезондар – 1750 дана, қорғаныш экрандар-1750 дана.
«Басқарма аталған қаражатты медициналық ұйымдарға бөлмей, ұзақ уақыт бойы барлық ұйымдарда қажетті қорғаныс құралдарының үш апталық қоры бар деген сылтаумен қоймада сақтаған. Сонымен қатар, прокуратураның қайта тексерісі кезінде шілде айында Исатай аудандық орталық ауруханасы 2,5 миллион теңгеге 500 дана қорғаныс комбинезоны мен 5000 дана медициналық бетперде сатып алынғанын анықтаған. Ал Жылыой аудандық орталық ауруханасында 50 мың маска, бес мың қорғаныш комбинезоны, 30 мың қолғап пен 100 қорғаныш көзілдірігі жетіспейтіндігі белгілі болды», — деп атап өтті ведомствода.
Осылайша, басқарманың дұрыс қадағаламағанынан бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және ауруханалардың қажетті қаражатты алмауына әкелді. Аталған факті бойынша материалдар тергеу жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілді.
stan.kz