Атыраулық полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 7 жасөспірімді үйлеріне қайтарды

0

Атыраулық полицейлер бір аптада хабар-ошарсыз кеткен 7 жасөспірімді үйлеріне қайтарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

4-10 қазан күндері аралығында Атырау қаласы Полиция басқармасының “102” операторына жасөспірімдердің өздерінің тұрғын-жайларынан хабар-ошарсыз кету фактісі бойынша 7 хабарлама келіп түскен. Аталған оқиғалар бойынша барлық жасөспірімдерді полиция қызметкерлері тауып, ата-аналарына табыстады.

Мысалы, 12 қазан күні сағат 00:28 шамасында Атырау қаласы ПБ-ның “102” операторына 36 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, 8 қазан күні сағат 12:00 шамасында 14 жасар ұлының тұрғылықты мекенжайынан шығып кетіп, хабар-ошарсыз кеткендігін айтып, хабарлама қалдырған.

Хабарлама бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде аталған жасөспірім аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылған.

14 жастағы жасөспірімнің айтуынша, ол өзінің анасымен сөзге келіп қалып, үйден кетіп қалған және осы уақытқа дейін достарының үйінде болған.

Жасөспірімнің анасы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал қаңғыбастықпен айналысқан жасөспірім Ішкі істер органдарының есебіне алынды, жасөспірімнің ата-анасына қатысты іс-құжаттар Атырау қаласының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жоладау үшін жинақталуда.