Атыраулық дәрігерлер өлтірген сәбидің әжесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Облыстық перинаталдық орталыққа түскен келіншек патология бөліміне жеткізілген. Бірақ келіншек босану бөліміне апарылмай, сол жерде туып қалған
НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Атырауда дәрігерлер мұздатқышқа салып өлтірген сәбидің әжесі Алтынғаным Ілиясова кінәлілерді толық жазалауды талап етті.
Оның сөзінше, толғағы ерте келгенін біле тұра, дәрігерлер келініне қарамаған, деп хабарлады КТК.
«Өкініштісі, сол жерден неге босанатын залға апармаған?! Келінім патология бөлімінде төсектің үстінде жеңілдеп қалған. Сол жердегі акушерка ма, санитарка ма, кім алып кеткенін білмеймін, баланы алып кетіп қалған», — дейді Алтынғаным Ілиясова.
Жеті қыздан кейінгі жалғыз ұлының келіншегі жүкті екенін естігенде, енесінің қуанышы қойнына сыймапты. Келіні Нұржамал уақтылы дәрігер қабылдауына барып, күтіммен жүрген. Жүктілігінің алтыншы айында өзін кенеттен жәйсіз сезініп жедел жәрдем шақырады.
Осылайша облыстық перинаталдық орталыққа түскен келіншек патология бөліміне жеткізіледі. Ақ халаттылар алғашқы көмек көрсеткеннен кейін келіншектің толғағы жеткенін айтыпты. Бірақ келіншек босану бөліміне апарылмай, потологияда туып қалған.
Күнінен бұрын дүниеге келіп қатігездікпен көз жұмған баланың салмағы 810 грамм. Алғашында өздерін «көрер жарығы болмаса керек» деп жұбатқанымен, мұның бәрі дәрігерлердің ісі екенін естігенде абдырап қалдық дейді. Жүректері қан жылаған отбасы шақалақтың мәйітін алып арулап жерлеген. Енді антына адал болмағандардың жазасын тарттырмақшы.
sputniknews.kz