Атыраудағы Наурыз мейрамында қазақстандық алып күш иесі әлем рекордын орнатты

0
97

Сергей Цырюльников 57 секундта 32 блокнотты жыртып үлгерді

АСТАНА, 23 наурыз – Sputnik. Қазақстандық балуан Сергей Цирюльников 57 секундта 32 блокнотты жыртты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 5 мыңға жуық атыраулық Сұлтан Бейбарыс алаңындағы музыкалық-театрландырылған қойылымды тамашалады.

Наурыз мерекесі аясында 45 киіз үй тігілген. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлық мейрамды 12 алаңда атап өтті.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөзін ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті еске алумен бастады.

«Полиция қызметкерінің отбасы үшін бұл орны толмас қаза. Қайтыс болған жігіттің анасы жақында отағасынан айырылды, кеше сүйікті ұлы ажал құшты. Өкінішке қарай, алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, сондықтан бір-бірімізді бағалайық. Наурызда ренжіскен адамдар татуласып, жақсылық тілеген. Баршаңызға денсаулық, өзара түсіністік пен отбасы жылуын, берекесін тілеймін» -деген облыс әкімі жиналғандарға полицейді бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.

Кейін мерекенің құрметті қонағы, қазақстандық балуан Сергей Цырюльников 57 секундта 32 блокнот жыртып, әлем рекордын орнатты.

Сергей Цирюльников 57 секундта 32 блокнотты жыртты

Нұрмахан Жантөрин атындағы облыстық филармония оркестрінің концерті және ең әдемі киіз үй байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Сонымен қатар жергілікті уақыт бойынша 20.00-де (Астана уақыты бойынша 21:00-де) Сұлтан Бейбарыс алаңында жергілікті және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болды. Ал 23.00-де (Астана уақыты бойынша түнгі 00:00-де) атыраулықтар мерекелік отшашуды тамашалады.



sputniknews.kz