АТЫРАУДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІ | «Айқын» газеті

0
75

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруы­мен «Жастар» мәдениет үйінде рухани кеш өтті.

ҚМДМ-ның Атыраудағы өкілі, «Иман­ғали» орталық мешітінің Бас имамы Ба­тыр­жан Мансұров жиналғандарды құттықтады.
– Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің ­арқа­сында халқымыз асыл дінімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Бір кездері ата-бабаларымыз дінімізді ашық ұстануды аңсап өткен еді. Қазір міне, егемендікпен бірге, еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттер бой көтеріп, азан айтылуда. Мәуліт айы республика деңгейінде атап өтіліп жатыр. Пайғам­ба­рымызды (с.ғ.с.) мадақтау, өмір деректерін насихаттау – үлкен нығмет. ­Алла елшісі (с.ғ.с.) шынайы мұсылман­ның символы еді. Сондықтан қазіргі таң­да мұсылмандар ара­сында кемшіндеу ­тү­­сіп жатқан кешірімділік, рақымшылық қасиеттерді нығайта білуіміз керек, – деді ол.
Сондай-ақ Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көш­қалиев кешке арнайы қатысып, жиналған жамағатқа жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң Алла елшісіне (с.ғ.с.) сағынышты артты­ра­тын мәуліт-шәриф оқылып, қалың жұртпен бірге пайғамбар рухына салауаттар айтылды. Саналарға әсерлі ой қалдыратын, өмірдің өзінен ғибрат беретін, пайғамбар дәуірін еске салатын бірнеше сахналық көріністер кештің әрін аша түсті.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне әншілер Сержанәлі Әлібек пен Айдар Тұрғанбек атсалысты.
Тағылымы мол шарада Атырау облы­сы­ның өкілдігі жас шәкірттер арасында білім бәй­гесінен озық шыққан шәкірттерді мара­пат­­тады. Бас имам Батыржан қажы Берден­ұлы жүлделерді иелеріне ықыласпен табыс етті.
Бәйгенің ең басты сыйлығы – Умра, яғни кіші қажылыққа жолдаманы Берік Ма­дияров қанжығасына байлады. Ал бірінші орынды иеленген Серболат Байжановқа 100 мың теңге тапсырылса, екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен Әділжан Қаламғалиев пен Шахзод Досановқа 70 мың және 50 мың теңгенің сертификаты берілді.
Орталық «Иманғали» мешітінің халыққа рухани қызмет етіп, жұмысын жалғап келе жатқанына биыл 18 жыл. Осынау уақыт ішінде мешітте табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Дәметкен Дюсупаева мен тазалықшы Әсем Макуловаға Умра қажылығына жолдама берілді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Дереккөз: Айқын