АТЫРАУДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІ | «Айқын» газеті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жастар» мәдениет үйінде рухани кеш өтті.
ҚМДМ-ның Атыраудағы өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров жиналғандарды құттықтады.
– Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз асыл дінімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Бір кездері ата-бабаларымыз дінімізді ашық ұстануды аңсап өткен еді. Қазір міне, егемендікпен бірге, еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттер бой көтеріп, азан айтылуда. Мәуліт айы республика деңгейінде атап өтіліп жатыр. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мадақтау, өмір деректерін насихаттау – үлкен нығмет. Алла елшісі (с.ғ.с.) шынайы мұсылманның символы еді. Сондықтан қазіргі таңда мұсылмандар арасында кемшіндеу түсіп жатқан кешірімділік, рақымшылық қасиеттерді нығайта білуіміз керек, – деді ол.
Сондай-ақ Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев кешке арнайы қатысып, жиналған жамағатқа жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң Алла елшісіне (с.ғ.с.) сағынышты арттыратын мәуліт-шәриф оқылып, қалың жұртпен бірге пайғамбар рухына салауаттар айтылды. Саналарға әсерлі ой қалдыратын, өмірдің өзінен ғибрат беретін, пайғамбар дәуірін еске салатын бірнеше сахналық көріністер кештің әрін аша түсті.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне әншілер Сержанәлі Әлібек пен Айдар Тұрғанбек атсалысты.
Тағылымы мол шарада Атырау облысының өкілдігі жас шәкірттер арасында білім бәйгесінен озық шыққан шәкірттерді марапаттады. Бас имам Батыржан қажы Берденұлы жүлделерді иелеріне ықыласпен табыс етті.
Бәйгенің ең басты сыйлығы – Умра, яғни кіші қажылыққа жолдаманы Берік Мадияров қанжығасына байлады. Ал бірінші орынды иеленген Серболат Байжановқа 100 мың теңге тапсырылса, екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен Әділжан Қаламғалиев пен Шахзод Досановқа 70 мың және 50 мың теңгенің сертификаты берілді.
Орталық «Иманғали» мешітінің халыққа рухани қызмет етіп, жұмысын жалғап келе жатқанына биыл 18 жыл. Осынау уақыт ішінде мешітте табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Дәметкен Дюсупаева мен тазалықшы Әсем Макуловаға Умра қажылығына жолдама берілді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы
Дереккөз: Айқын