Атырауда жолаушылар тасымалына жаңа жүйе енгізілді

0

Атырау қалалық әкімдігінің осы олқылықтың орнын толтыруға әрекеттенгені нәтижесіз емес. Облыс орталығында екі автобус бағытында электронды билет жүйесінің қанатқақты жобасы іске қосылды. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №1, 2, 4, 5, 10, 12, 14, 20 бағыттарындағы қоғам­дық көліктер мобильді төлем құрылғысын пайдалану­ды бастаған. Жыл соңына дейін барлық қоғамдық көлікке стацио­нарлық валидаторлар орнатылады.

– «Цифрлы Қазақстан» мем­­ле­кет­тік бағ­дарламасы аясында қоғамдық көлікте жол жүру төлемдерін автоматтан­дыру бойынша жұмыстар жүр­­­гі­­зілуде. «Smart-ТКШ» компаниясы тасымалдаушы-компаниялармен ке­лі­сімшартқа қол қойды. Ав­то­бус­тарға QR кодтарын тағайындап, төлемдердің басқа түрлерін жасауға болатын «SmartQala» мобильді қо­сым­ша­сы іске қосылды. Электронды билет жүйесін енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету», дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи. 

Жаңа жүйе арқылы қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасы жақсарып, жүргізушілердің, жолсеріктердің жалақысы, тасымалдаушы компаниялар табысы, бюджетке түсетін са­лық түсімі көбейеді екен. Қа­зір­­­дің өзінде жүргізушілер мен ав­то­бус жолсеріктерінің жала­қы­лары екі есеге өсіпті. «Смарт Атырау» КММ басшысы Әділ­бек Танкиевтің айтуынша, қараша айынан бастап қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбекақылары 110 мың теңгеден 300 мың теңгеге көтерілген, ал жолсеріктер бұрынғы 45 мың теңгенің орнына 85 мың теңге алады. 

– Бұл шаралар қоғамдық көліктерге енгізілген жолақы төлеудің электронды жүйесінің тиімділігін көрсетеді, – дейді Ә.Танкиев. – Жолаушылардың қозғалысын басқару, тасымалдаушы мекемелер кірістерінің ашықтығы, бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуы осындай мүмкіндік беріп отыр.

– Қанатқақты жоба кезінде жолаушылар валидатор арқылы қолма-қол ақша төлейді. Жүйе іске қосылғаннан кейін ар­найы төлем карточкалары енгізілді. Жол жүру картасының құны 300 теңге, зейнеткерлер мен мүгедектерге, ардагер­лерге ар­найы тегін карталар бе­ріледі, – дейді «Smart-ТКШ» ком­паниясының өкілі Ерлан Нұр­ланұлы. – Бұған дейін Алматы, Астана секілді еліміздің ірі қала­ларында қолға алынған жоба қо­ғам­дық көлік саласындағы мә­се­лелердің күрмеуін шеш­кен еді. Атыраудағы жо­баның артықшылығы – төлемдер онлайн-форматта қа­был­­данады және төлемдердің барлық 9 түрі біріктірілген бір жүйеде жұмыс істейді. Бұл автобустардың бір-бірімен байланыста болуына, күнделікті жұмыстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін мұнайлы аймаққа 100 жаңа автобус ке­ліп, қоғамдық көліктер төлем құрыл­ғыларымен жабдықталады деген жоспар бар.

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі: та­быс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының аясында қолға алынған бұл жоба кө­лең­келі экономиканың алдын алу­ға, халықтың өмір сүруіне қо­лайлы жағдай жасауға және та­быс­тың көбеюіне мүмкіндік береді. Биыл облыс орталығындағы Бай­мұханов, Тайманов, Вла­димирский көшелері кеңейтілді. Енді осы жерлерге жаңадан жеті аялдама қондырылады. «WiFi» желісі, бейнекамералары бар аялдамаларда дүкен, дәріхана және басқа да қызмет көрсету орталықтары орналасады. 

Жалпы, облыс орталығындағы 60 көшені қазіргі заманғы құрал­дармен жабдықтау кезекте тұр. Сондай-ақ 192 көшеге жа­рық шамдары орнатылады. Қоғамдық орындарға 776 бейне және фотобақылау камералары орнатылады. Мұның бәрі – Атырауды «ақылды қалаға» айналдыру жолында жасалып жатқан жұмыстар. Осылайша күннен күнге сәулеті мен дәулеті қатар артып келе жатқан шаһар шырайлана түспек.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ