Атырауда жолаушылар пойызы тоқтатылды

0
72

31 наурыздан бастап «Ақтөбе-Атырау» пойызының маршруты Доссор стансасына дейін қысқарады, ал 2 сәуірден Атырау – Шу пойызы тоқтайды

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. 1 сәуірден бастап Атырау стансасында барлық жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 наурыздан бастап қалада карантин жарияланды.

31 наурыздан бастап №692/691 «Ақтөбе-Атырау» пойызының маршруты Доссор стансасына дейін қысқарады.

1 сәуірден №313/314 «Атырау-Маңғыстау» және №47/48 «Атырау-Бурабай курорты» жолаушылар пойызы, ал 2 сәуірден №41/42 «Атырау-Шу» пойызының қозғалысы тоқтатылады.

«Атырауға дейін және одан шығатын пойыздарға билет сатып алған жолаушылар оны қайтарып, ақшасын толық көлемде ала алады», – делінген хабарламада.

Тағы оқыңыз: Қазақстандағы тағы бір қала карантинге жабылады

Атыраудың карантинге жабылуына байланысты автовокзал жұмысын уақытша тоқтатты. Ауданаралық, қалааралық және халықаралық рейстер тоқтатылған.

Азық-түлік базарлары, дүкендер, дәріханалар, коммуналдық және жөндеу қызметтері, тазарту және дезинфекция қызметтері бұрынғысынша жұмыс істей береді.

Соңғы мәлімет бойынша Атырау облысында коронавирус жұқтырған 12 адам тіркелген.



sputniknews.kz