Атырауда жағдайы төмен отбасыларға жарамсыз планшеттер таратылған
Атырауда әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға тегін берілген планшеттердің бірсыпырасы жарамсыз болып шықты. Жаңа оқу жылы басталып кеткеніне қарамастан, оқушылар әлі күнге онлайн оқуға дұрыс қосыла алмай отыр. Бұл туралы KzNews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тегін берілген 2 мыңға жуық планшеттің ішінен 166-сының техникалық ақауы бар. Оған қоса, жаңа оқу жылы басталғанға дейін Атырауға жеткізілуі тиіс 1925 дана компьютер, 16 мыңға жуық ноутбук әлі әкелінбеген. «Демек, осынша баланың онлайн оқуға қолы жетпей жүр деуге негіз бар», — дейді құзырлы орын өкілдері. Ал жарамсыз планшеттердің бір жылға кепілдік мерзімі жазылған.
Сапасыз өнімге тапсырыс беріп, аузы күйген облыстық білім басқармасындағылар енді алғандарын қайтарып, жаңасын ауыстырып алуға талпынып жатыр. Бірақ, ол құралдардың Атырауға қашан жеткізілетіні белгісіз.
«Қазан айының ортасынан асып бара жатыр, бірінші тоқсанның бітуіне де жақын. Онлайн форматтағы оқудың қазіргі қиыншылықтарын біле отырып, бұл планшеттер оқушыларға көмек болған. Енді осы екінші сұрақ әлі де басы ашық күйінде тұр», — дейді Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Айдос Мамыт.