Атырауда қоқыс жәшігінен сәби табылды: Оқиғаның мән-жайы анықталды — Қазақстан жаңалықтары
8 сәуірде Атырауда 9 айлық сәбидің қоқыс жәшігінен табылғаны туралы мәлімет тараған еді. Артынша сәбиді анасының азаматтық некедегі күйеуі мас күйінде тастап кеткені айтылды. Ендігі оқиға желісі мүлде өзгеріп, сәбиді өзге адамның тастап кеткені анықталған.
Сурет: atpress.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқы мәлімет бойынша, сәбиі Сары-Арқа ықшамауданынан табылған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, ол жәшіктің ішінде жатқан.
Арада бірнеше сағат өткеннен кейін сәбидің ата-анасы табылды.
«Сәбиді дәрігерлер қарады. Дені сау, қазіргі уақытта ата-анасына табысталды. ҚР ҚК 140-бабы 2-тармағына (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — дейді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.
Басылым мәліметінше, анасы сәбиін туысының үйіне тастап кетіп, баласы оянған бойда жұмысына алып келуін сұрап, жолына ақша қалдырып кетіпті. Сәби оянғаннан кейін ол әйел баламен бірге тілемсек құрбысына барған. Олар сәбидің анасы қалдырып кеткен ақшаға ішімдік сатып алыпты. Ішімдікке тойып алған тілемсек әйел қолында бала болса өзіне ақшаны көбірек береді деп ойлап, құрбысынан сәбиді бере тұруын сұраған.
Артынша тілемсек әйел өзінің кішкентай баламен жүргеніне тұрғындар мен учаскелік инспектордың назар аудара бастағанын байқап, сасқанынан куәгерлер мен полицейлерге сәбиді қоқыс жәшігінен тауып алғанын айтыпты. Өз кезегінде баласын күтіп отырған анасы оны іздестіре бастап, полицияға жүгінген көрінеді.
«Атырау тұрғындары, менің балам үшін алаңдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Ол аман-есен. Тұрғындарға, полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамын», — дейді сәбидің анасы.
stan.kz