Атырауда көпірден секірген қызды құтқарамын деп мерт болған полицей марапатқа ұсынылды — Қазақстан жаңалықтары
Атырауда көпірден секіріп кеткен қызды құтқарамын деп көз жұмған полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік марапатқа ұсынылды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде атыраулық полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті есте қалдыру шаралары полицияның барлық бөліністерінде жан-жақты жүргізілуде.
Сонымен қатар министр Шалқар Ақымғалиевтің отбасына материалдық көмек көрсетуді басты назарда ұстап отыр. Соған сәйкес, қапияда көз жұмған полиция сержантының отбасы ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының қамқорлығына алынды.
Сондай-ақ, ІІМ орталық аппараты мен өңірлік полиция департаменттері, қылмыстық-атқару жүйесі, құтқару қызметі және Ұлттық ұлан жауынгерлері марқұмның отбасына материалдық қолдау көрсетуде. Арнайы ашылған есеп-шотқа қызметкерлер ерікті түрде бүгінге дейін 29 миллион теңгеден астам қаржы аударды.
«Ерлікпен көз жұмған қызметкерлердің отбасына өзге де көмектер алдағы уақытта да тұрақты жасалатын болады», – деп атап өтті ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен бірге ішкі істер министрлігі полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті мемлекеттік наградаға ұсынды.
Еске сала кетсек, биылғы жылғы 21 наурызда Атырау қаласында патрулдік экипаж құрамында жүрген полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген қыз жайлы хабарлама алған бойда ойланбастан мұзды суға қойып кетті. Сөйтіп қыздың өмірін ажалдан арашалап қалған еді. Алайда өзі қатты ағынның ішінде арпалысып жүріп көз жұмды.
stan.kz